ТКШ

Облыстағы темір жол тұйықтарында 29 мың тонна көмір бар

Таңғы сағат – 10. Азаннан бері теміржол тұйығының маңында ұзын-сонар кезек құрылған. Тұрғындар қыстың қамын ойлап, қара отын қамдауға кірісті. Көмір тиелген көліктер енді-енді жаймен тарасып жатыр.

Жұмысшы кентіндегі теміржол тұйығына келетін халық көп. Бұл жерде көпке танымал Шұбаркөл көмірі сатылады. Осындағы жеке кәсіпкерлік аталған қара отынды 11 жылдан бері саудалап келеді. Себебі, оның сапасы жоғары және жақсы жанады әрі соңында күлі көп қалмайды.

Мұратхан Тұрмұханбетов, жеке кәсіпкерліктің менеджері:

– Жан-жақтағы аудандардан, жергілікті ұйымдардан келіп алады. Жылдағы тапсырысымыз уақытылы орындалып жатыр. Халыққа жетерлік көмір бар.

Тұйыққа қазан айында тағы 9 мың тонна қара отын жеткізіледі. Жыл соңында тапсырыс тұрғындардың сұрауына қарай берілетін болады. Баға 3 жыл бойы өзгеріссіз қалып отыр. Көмірдің бір тоннасы 14 мың 800 теңгеден сатылып жатыр.

Евгения Островская, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Көмір құнының қымбаттауы байқалмайды. Қара отынның бағасы маркасына қарай 8 мың 700 теңге мен 17 мың теңгенің аралығында. Өңір жұртшылығы жылыту маусымында 391 мың тонна көмір жағады. Бүгінде оның 82 пайызы, яғни, 321 мың тоннасы таратылды.

Жалпы, облыстағы темір жол тұйықтарында қазір 29 мың тонна көмір қоры бар.

Бердимурат Баймухан