Құқық қорғау органдары

Аса ірі көлемде гашиш өткізген петропавлдық ұсталды

Күдікті Абай көшесінің бойында құрықталды. Ұсталардың алдында есірткі затын сатып үлгеріпті. Полицейлер жедел іздестіру шарасына кіріскен. Көп ұзамай заңсыз айналымнан 2 келіге жуық гашиш тәркіленген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ал, пысықайдың өзі қамауға алынды. Айта кетейік, 34 жастағы қала тұрғыны бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотты болған.

Руслан Үмбетов, СҚО ПД аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

Сот-химиялық зерттеу кезінде алынған заттың гашиш екені анықталды. Жалпы салмағы – 1 кг 994 грамм. Ол аса ірі көлемге жатады. Сондай-ақ, ұсталған жанның автокөлігін тексеру барысында қылмыстық мақсатта пайдаланылған қаражат алынды. Жалпы сомасы – 971 мың теңге. Қылмыскерге қатысты ҚР ҚпК 150-ші бабымен қамауға алу бұлтартпау шарасы берілді.

Пысықайды қандай жаза күтіп тұр? Егер күдіктінің кінәсі толық дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен. Жалпы, жыл басынан бері облысымызда 139 есірткі қылмысы тіркелген. Заңсыз айналымнан алынған зиянды заттың көлемі 287 келіге жуықтайды. Оның 4 келіден астамы – синтетикалық өнімдер.

Байболат Култанов