ТКШ

Жұмысшы кентінде қоқыс 1 жарым айдан бері шығарылмаған

Қоқыс таудай боп үйіліп жатыр. Мұндай көріністі Жұмысшы кентіндегі әр көшеден байқауға болады. Аузы-мұрнына дейін толып тұрған қоқыс жәшіктері 1 айдан бері босатылмаған.

Жел тұрса болды қоқыс төгіліп, пакеттер құсша ұшып, жан-жаққа мұрынды жаратын жағымсыз иіс жайылады екен. Соңғы кездері қоқыс жәшіктерінің жанына қаңғыбас иттер жиналатын болған.

Неля Малофеева, қала тұрғыны:

– «Мектепке қарай осы жерден өтетін оқушыларды тістеп алмаса екен» деп уайымдаймын. Коммуналдық қызметтің ақшасын әр ай сайын, уақытылы төлеп отырамыз. Бірақ, мамандар оған сәйкес жұмыс істеп жатқан жоқ.

Мәселені тұрғындар instagram желісінде жазып, наразылықтарын білдіріп жатыр. Іске жауапты «Коммунхоз-Петропавл» серіктестігі тұрғындардың шағымынан хабардар екен. Бөлім басшысы Мұхит Молдахметұлы істің неге уақтылы орындалмай жатқандығын түсіндіріп берді. Айтуынша, қоқыс таситын техниканың саны бар-жоғы 4-еу. Оның 1-еуі жақында жанып кетсе, екіншісі айып тұрағында екен. Қазір қызметкерлер қолда бар 2 машинамен жұмыс істеуде.

Мұхит Молдахметұлы, «Коммунхоз-Петропавл» ЖШС бөлім басшысы:

– Жұмысшылар осылай қолмен жұмыс істеп жатыр. Бұл өте ауыр жұмыс. Көп уақытты алады. Сондықтан, бізде қиындықтар туындап жатыр. Жақын арада бәрі оңалады деп ойлаймыз. Жұмысшы кентінің тұрғындарынан кешірім сұраймын.

Жоспарға сәйкес, қызметкерлер ең алдымен қаланың ішін тазалайды екен. Одан соң Хром зауыты, Ойқала мен Жұмысшы кенттеріне ойысады. Соңғысына кезек жеткенше 1 жарым ай уақыт өтіп кеткен. Мамандар процестің баяулауына тағы бір фактор әсер етіп тұрғандығын айтты.

Мұхит Молдахметұлы, «Коммунхоз-Петропавл» ЖШС бөлім басшысы:

– Қазіргі күзгі уақыт, тұрғындар картоп пен қызанақтың шөбін тастайды. Қалдықтар көп. Халық қоқыс салатын жәшіктің ішін шөппен толтырып қояды. Сыймағанын айналасына тастайды. Оны сосын иттер шашып тастайды.

Мамандар Жұмысшы кентінен екі күнде 50 тонна қоқыс шығарған. Шаруа әлі жалғасын табады. “Көп ұзамай қоқысқа қатысты мәселе өз шешімін табады” деп уәде берді Мұхит Молдахметұлы.

Маржан Касымбек