Кран, камаз, қазғыш техника. Мамыр айынан бері Алматы көшесінде қызу шаруа жүріп жатыр. Бұл жерде 30 маман 40 жыл бойы ауыстырылмаған жылу магистралін реконструкциялауда. Іске 40 техника тартылған. Әбден ескірген құбырлар диаметрі 500 мм-лік жаңаларына ауыстырылып жатыр. 1 мың шақырымын жаңартуға 600 млн теңгеге жуық қаржы бағытталыпты.
Қайдар Сейтмұханбетов, “Су Энергострой” ЖШС прорабы:
– Шаруаның басым бөлігі тындырылды. Бүгін соңғы монолитті құйдық. Енді темірбетон арнасын салу ғана қалды. Жоспар бойынша жаңғырту жұмыстарын қыркүйектің соңында аяқтаймыз.
№7 жылу магистралін реконструкциялауды «Петропавл жылу желілері»-нің өкілдері өткен жылы бастаған екен. Ол кезде Пушкин көшесі бойындағы 252 шақырым желі толығымен ауыстырылған болатын. Жалпы, бұл ірі жоба 3 кезеңнен тұрады. Келесі жылы Н.Назарбаев көшесінен Амангелді көшесіне дейін ұзындығы 500 шақырымнан астам жылу магистралі жаңартылмақ.
Виталий Холоша, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженері:
– №7 жылу жүйесін жаңғырту жұмыстарына өткен жылы 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл соманың бүгінде жартысынан астамы игерілді. Қалған 334 млн теңгесі келесі жылға арналған. Осылай 3 жылдың ішінде жалпы ұзындығы 1674 шақырымды құрайтын жылу магистралі толығымен жаңаланбақ.
Құбыр ауыстыру жұмыстарымен танысып болған соң “Севказэнергосбыт” серіктестігінің бас сервистік орталығына бардық. Мұнда қызмет көрсету барысы барынша оңтайландырылған. Тиісті құжаттарды жедел рәсімдеу үшін өткен жылы құрылған тұтынушы бұрышы тиімді жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде операциялық залдағы ұзын-сонар кезек азайған.
Мағауия Сағандықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:
– Биыл ұзақмерзімді инвестициялық бағдарламаны қолға алдық. Оның аясында “Android” және “Айос” платформаларында қолжетімді болатын мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Бұл қосымша компания мен тұтынушы арасындағы деректер алмасу процесін жақсартуға септеспек. Сондай-ақ, аталған жүйе тұтынушыны қарызы туралы хабардар етеді.
Сөз соңында айта кетейік, бүгінде “Севказэнергосбыт” кәсіпорнының қызметін 164 мыңға жуық солтүстікқазақстандық пайдаланады.
Дана Ешкенова