Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір активі Президент Жолдауын талқылады

Қыркүйектің 1-і күні тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 24-ші Жолдау жария етілді. Бұл жолғы саяси маңызды құжат “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” деп аталады. Мемлекет басшысы нені тілге тиек етті? Қандай міндет жүктеді? Осыны талқыға салу үшін өңір активі облыстық әкімдік қабырғасында бас қосып отыр. Жиын шымылдығын аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ашты. Кейін сөз кезегі орынбасары Ғани Нығыметовке берілді.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Диқандарға субсидия беру ісін түсінікті, толығымен ашық ету әрі мемлекеттік көмекті қолжетімді ету жүктелді. Өткен жылы мұндай қолдауға 1600-ден астам адам ие болды. Бағытталған қаржы 50 млрд теңгеден асып жығылады.

Атырау мен Алтайдың, Қызылжар мен Қызылорданың арасын мекен етсек те жайылым тапшы. Өзекті мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында кеңінен тоқталды. Президенттің сөзінше, елімізде мал жаятын жер бар, бірақ оларға ықпалды адамдар иелік етеді. Ата жолын жалғаған жандар осы себептен төрт түлікті жая алмай, кәсіптен нәсіп таба алмай отыр. Ендігі міндет – Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, жағдайды реттейтін батыл шаралар қабылдау.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Облыстағы жеке қосалқы шаруашылықтар үшін 678 мың гектар жайылым жер тапшы. Қашықтықтан зондтау кезінде 816 мың гектар жердің пайдаланусыз жатқандығы анықталды. Оның 48 мың гектары тәркіленіп алынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.

Білім беру саласы әр Жолдауда көрініс табады. Биыл мемлекет басшысы біраз проблеманы жіпке тізді. Өткір мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Бүгінгі таңда елімізде 225 мың оқушыға орын жетіспейді екен. Түйткілдің жалғыз шешімі бар – оқу ошақтарын көптеп тұрғызу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін кемінде 1 мың білім ұясын салуды жүктеді. Өңірдегі жоспарға тоқталайық.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Ағымдағы жылы Тайынша ауданына қарасты Вишневка селосында 120 орындық мектептің құрылысы басталды. Тайынша қаласында 600 орындық мектеп салу жоспарлануда. Жалпы, кешенді жоспар аясында 15 мектеп салу жоспарланып отыр.

Тағы бір жағымды жаңалық бар. Бұған қаламыздағы химия-биология бағытындағы НЗМ директоры Данияр Уәлиев тоқталды.

Данияр Уәлиев, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Президентіміз дарынды балалармен жұмысты атап өткен болатын. Биылдан бастап халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы берілетін болады. Және оларды дайындаған ұстаздарға қолдау көрсетіледі. Бұл өте қуантарлық жағдай.

Біздің еңбек нарығымызға көші-қон үдерісі де зор ықпал етеді. Жолдауда дәл осылай делінген. Бүгінгі таңда халқы тығыз орналасқан өңірлерден өлкемізге адамдар көшіріліп жатыр. Бұл іске қалталы азаматтар да қатысуда. Мәселен, «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрылтайшысы Сайдолла Қожабаев Кентаудан 20 отбасыны әкеліпті. Қоныстанушылардың барлығы – электротехника саласындағы білікті мамандар.

Сайдолла Қожабаев, «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрылтайшысы:

– Өзім де осында көшіп келіп жатырмын. Тәжірибе көп. Жастарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар бергелі жатырмыз.

Аты өшкір індетпен күрес әлі жалғасып жатыр. Ақ халатты абзал жандар тәуліктеп тер төгуде. Өкініштісі, өлім-жітім көрсеткіші күннен-күнге артуда.

Мақсат Құдратуллаев, облыстық көпсалалы аурухананың кардиология блогының жетекшісі:

– Пандемия басталғалы бері 23 мыңға жуық солтүстікқазақстандық ауырды. Олардың ішінде медицина қызметкерлері де бар. Қорғанудың бір ғана жолы бар. Ол – вакцинация.

Адамзат көптеген індетті бастан өткерген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек. Президент дәл осылай деді. Өңіріміз иммундалғандардың көрсеткіші бойынша елімізде көшбасшылардың қатарында тұр. Бүгінде жерлестеріміздің 73,6 пайызы екпенің алғашқы компонентін алыпты. Толық курстан өткендердің үлесі 65,8 пайызды құрайды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті жиналысқа қатысушылар, бүгін біз Президент Жолдауындағы басым бағыттарды талқыладық. Президент міндеттері халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Барлығымыз бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.

“Бірлік бар жерде тірлік бар” дегендей Құмар Ақсақалов жиынды осылай қорытындылады. Жолдауда жүктелген міндеттерді бірлесе жүзеге асырайық!

Байболат Култанов