Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Біз қазір Қызылжар ауданындағы «Шағала Агро» серіктестігінің егістік алқабында тұрмыз. Мұндағы диқандар күзгі жиын-терім жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Қырмандағы жұмыс қызу жүріп жатыр. Айта кеткен жөн, аталған агроқұрылым биыл облысымызда алғашқылардың бірі болып егінге орақ салды. Бүгінде мұндағы шаруаның 50 пайыздан астамы тындырылған.
Жаздағы қуаңшылыққа қарамастан биыл Бугровое селолық округінде егін бітік шықты. Жер емген диқандар әр гектардан 14 центнерге дейін өнім алуда. Техникаларын сайлап, танап басында жүйткіген комбайншылар әр жайма-шуақ күнді тиімді пайдаланып, астықты шашау шығармай жинап алуға тырысып жатыр.
Рустам Алимбеков – шаруашылықтағы маңдайалды мамандардың бірі. Қазір ол осыдан 1-2 күн бұрын құлатылған дәнді жинау үстінде. Жақында Президент жолдауын тыңдап, алдағы жылға деген сенімім нығая түсті дейді. Себебі, Қасым-Жомар Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып, диқандарға бөлінетін субсидия көлемін арттыруды тапсырды.
Рустам Алимбеков, «Шағала Агро» ЖШС комбайншысы, Қызылжар ауданы:
– Жалақымыз жақсы, уақытылы төленіп тұрады. Бір ғана арманым – су жаңа комбайн тізгіндеу. Ескі техника күтпеген жерден бұзылып қалуы мүмкін. Оның үстіне баяу қозғалады. Агроқұрылым басшысы келер жылы немістің «CLAAS» маркалы тегеурінді техникасын алып беруге уәде етті.
«CLAAS» техникасы шаруашылықта қазір де бар. Қызылжарлық диқан Ғабдолқапар Бәри 2014 жылы бір комбайн мен трактор сатып алыпты. Машиналарды Германиядан әкеліпті. Бағасы қымбат, жеткізуі де біраз машақат. Ал, күні кеше облысымызда ашылған неміс техникасын құрастыратын зауыт өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға біраз серпін бермек дейді.
Ғабдолқапар Бәри, «Шағала Агро» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Келесі жылы 3-4 техника алмақшымыз. Бұлардың өнімді жинау уақыты біздің техникаларға қарағанда өте жақсы. Бункерлері де үлкен. Алқаптағы жылдамдығы «Есіл» комбайндарынан тез.
Бүгінде Бугровое ауылдық округінің диқандары 10 мың гектардан аса жерге дән сіңірген. Оның 2 мың гектарына – майлы, қалғанына дәнді және дәнді-бұршақты дақыл түрлерін еккен.
Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Алқапта жинаған астықты жергілікті аграрилер бірден осы ауылдағы тазалау орнына жеткізуде. Бүгінге дейін дәнді дақылдардың 4 мың тоннадан астамы қауызынан ажыраған. Ал, бидай мен арпаның ылғалдылығы 14 пайызды құрайды. Мамандардың айтуынша бұл – орташа көрсеткіш.
Бидайдың дәнмаңызы да жақсы. Құрамындағы желімтек мөлшері орташа. Қазіргі күні Қызылжар ауданындағы диқандар бидайдың 1 тоннасын элеваторларға 110 мың теңгеден сатып жатыр.
Бердимурат Баймухан