Спорт

Жүгіруге жаны құмар зейнеткер

Талғат Нұрмұханұлы 63-те. Әдетте бұл жастағы жандардың көбі таңертең теледидар көріп, аулада жүріп уақыт өткізеді. Бірақ, біздің кейіпкер таңмен таласа салауатты өмір салтымен айналысады.

Алдияр Айтпаев, тілші:

Күнделікті Талғат ағамыз 10-11 шақырым жүгіреді. Жүгірмес бұрын дене қыздыру жаттығуларын жасайды. Бүгінгі жаттығуға мен де қатысып көрмекшімін. Ал, аға, бастайық.

Жүгіруді марафоншы зейнетке шыққаннан бері қолға алған. Екі жыл аралығында Алматыдағы марафонға қатысып, 18-ші болып мәре сызығын кесіпті. Қызылжар төрінде өткен барлық жарыстарда да төбе көрсетіп, жүлдеге ілінген екен. Бірақ, жүгірумен Талғат Нұрмұханұлы өзіне назар аударту үшін емес, өз денсаулығын бір қалыпта ұстау үшін айналысады.

Талғат Абулгазин, марафоншы:

Жүгірудің берер пайдасы мол. Жұмыста жүрген кезде шаршамайсың. Күні бойына жететін мол қуат аласың. Медициналық көмекке мүлде жүгінбеймін. Әйелім – дәрігер. Оған өз дәрің өзіңе деймін. Маған спорт болса болды.

Қазіргі таңда зейнеткер қыркүйектің 26-сында Алматыда өтетін марафонға дайындалу үстінде. Онда Талғат Нұрмұханұлы 21 шақырымға жүгірмек. Айтуынша, бұл – оның оң жамбасына келетін арақашықтық. Ал одан кейін шет елдерде өтетін жарыстарға да қатысуды жоспарлап жүр.

Алдияр Айтпаев