Мәдениет

Семей полигонының жабылғанына – 30 жыл

Атом бомбаларының тоқтаусыз жарылысы, қарапайым халықтың жаппай қырылуы. Соңғысын Семейдегі сынаққа басшылық еткен әскерилер 40 жыл бойы мойындаған жоқ. Радиация әсерінен жұртшылық түрлі ауруға шалдығып жатса да қағаз жүзінде бәрін басқаша жазып көрсетті. Ал облыс орталығынан жіберілген дәрі-дәрмек ауруханаларға емес, әскери штатқа жеткізілген.

Мереке Баймұқанов, СҚ мемлекеттік архивінің бөлім басшысы:

Сынақтар 60-шы жылға дейін ашық түрде жүргізілді. Ал 63-те жер астына көшірді. Зардап шеккендер көп болды.

Ашық аспан астында жүргізілген сынақтың салдарынан алғашқы жылдары-ақ 500 мыңнан астам адам зардап шекті. Статистика осымен тоқтап қалған жоқ. Жыл сайын ауруға ұшрағандар саны еселеп өсе берді. 73-ші жылы жарылыс алаңына әскер қатарына алынған 1 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жігіт жіберіледі. Басым бөлігі – 18 жасқа енді ғана толғандар. Арасында жерлесіміз Асқар Мусин де болыпты.

Асқар Мусин, «СҚО Семей полигоны» ҚҰ төрағасының орынбасары:

– 2 тәулік жүріп Семейге жеттік. Одан ары қарай тағы жарты күн жүрдік. Соңғы станцияға келіп түстік. Ештеңе білмейміз. 05:57 Келгенде қуандық. Бізден бұрын болған жігіттер: «қуанбаңдар, жылаңдар. Жаман жерге келіп түстіңдер» – деп айтты.

Көп ұзамай жас жігіттер атомдық сынақ жүргізіліп жатқан аумаққа жеткізіледі.

Асқар Мусин, «СҚО Семей полигоны» ҚҰ төрағасының орынбасары:

– 30 шақты адам болып машинамен «Полигон» деген жерге келдік. 1 табын жылқы шықты. Терілері түсіп жатыр. Сосын лейтенанттан сұрадық, ол бізге «Это вам не нужно знать! Не надо! Это секрет» – деп айтты. Ең бірінші көргеніміз сол болды.

Асқар Мусин Семей полигонында 2 жыл борышын өтеген. Осы уақыт аралығында туған-туыстарына бірде-бір рет сағыныш хатын жаза алмапты. Себебі, мемлекеттік құпияны сақтау керек. Сақтамағандарды қатаң жаза күткен.

Асқар Мусин, «СҚО Семей полигоны» ҚҰ төрағасының орынбасары:

Жарылыс болған уақытта бізді казармадан шығарады. Бәрімізді сапқа тұрғызып қоятын. Сосын кей жігіттердің басы айналып, мұрнынан қан ағып құлай бастайтын. Санитарлық бөлімге барсақ, күн өткен деп айтатын. Кейін дәрі берді.

90-шы жылдардың басында Кеңес үкіметі құлдырап, еліміз егемендігін алды. Ұзақ жылға созылған азаптың нүктесі 1991 жылы қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қояды. Осылайша, Қазақстан мемлекеттер арасында өз еркімен алғаш болып ядролық қарудан бас тартады.

Маржан Касымбек