Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл электротехникалық зауыты алғашқы өнімін қазан айында шығарады

Бір кездері ұсқыны қашып, маңайын күл-қоқыс басып кеткен ғимарат қазір алыстан көз тартады. Қаңырап тұрған нысанның тамырына қайтадан қан жүгірді. Енді бұл жерде «Alageum Electric» компаниясына қарасты Петропавл электротехникалық зауыты жұмыс істейтін болады. Аталған компанияның өзіндік бай тарихы бар. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды бастан өткерді, бертін келе еңсені тіктеп, көшке енді. Қазір Шымкент, Орал, Кентау сынды қалаларда ірі кәсіпорындары бар. Енді қатарға Солтүстік Қазақстан да қосылып отыр. Теріскейдегі өндірісті қажырлы да қайратты жастар қолға алмақ.

Сайдолла Қожабаев, «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрылтайшысы:

Оралдан 4 азамат келді. Барлығы – директорлар. Бас директор 29 жаста. Ең кішісі 22 жаста. Қазақта “ақыл жастан, асыл тастан” деген жақсы сөз бар. Осы елге келіп жатырмыз. Біз еліміздің өсуіне, өнуіне ат салысамыз.

Зауыттың іші тап-тұйнақтай. Еденде кәдімгі паркет, жап-жаңа қондырғылар мен құрылғылардың көптігінен көз сүрінеді. Өндіріс залы кең, жарық әрі жылы. Қыстыгүні де осындай температура сақталады дейді Сайдолла Қожабаев. Мұндағы мамандар іске таңғы 8-де кірісіп, шаруаны кешкі 6-да аяқтайды. Жұмысшыларға тиісті жағдай жасалады.

Өміржан Джусиев, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС сату бөлімінің басшысы:

Жұмысшылар таңертең келеді. Таңғы, түскі, кешкі ас беріледі. Душ та бар. Жұмыс аяқталғасын душқа түсіп, үйге барады.

Бұл жасалатын жағдайдың бір парасы ғана. Зауыт қызметкерлеріне лайықты жалақы төленбек. Жақын арада жалдамалы пәтер де ұсынылатын болады. Келешекте сол баспананы өзіңдікі етуге мүмкіндік бар.

Сайдолла Қожабаев, «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрылтайшысы:

Орташа жалақы 250 мың теңгені құрайтын болады. Жұмысшылар тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Петропавл қаласында 40 пәтерлі баспана тұрғызып қойдық. Қазір 104 пәтерлі ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Мамандарымыз өздеріне берілген пәтерлерін 10 жылға дейінгі мерзімде бөліп төлеу шартымен сатып ала алады.

Петропавл электротехникалық зауытына 10 млрд теңгеден астам инвестиция құйылғанын айта кету қажет. Кәсіпорын 300-ден астам адамды жұмыспен қамтымақ. Бүгіннің өзінде бірсыпыра маман қызметке қабылданыпты. Араларында өзге өңірден қоныс аударғандар мен “серпіндік” жастар да бар. Білімді де білекті жігіттер – негізгі күш. Олардың арманы – өндіріс орнын өркендету, отбасын құрып, солтүстікте қалу.

Жанболат Орақбаев, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС қызметкері:

Жамбыл облысы, Қордай ауданының тумасымын. 2017 жылы “Серпін” бағдарламасы бойынша жергілікті университетке оқуға түстім. “Ақпараттық жүйелер” мамандығы бойынша білім алдым. 2021 жылы осы зауыт жастарды жұмысқа қабылдай бастады. Осыны естіп, мен де келдім.

Өндіріс ошағында жылына 15 млрд теңгенің 13 мың дана трансформаторы шығарылмақ. Оның 98 пайызын ТМД елдеріне саудалау жоспарланып отыр. Айта кеткен жөн, қазір зауытта қондырғылар орнатылып, тексерістен өткізіліп жатыр. Алғашқы өнім қазан айында дайын болмақ. Солтүстік Қазақстан облысы мұнымен тоқтамайды. Ауыл шаруашылығымен қатар, өндіріс саласын да дамытады. Бүгіннің өзінде ондаған жоба жан-жақты зерттеліп жатыр.

Құмар Ақсақалов,  Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Қазіргі таңда әр түрлі бағыттағы 75 жобаны қарастырып жатырмыз. Олардың жалпы сомасы 1,8 трлн теңгені құрайды. Қаңырап қалған нысандарды қалыпқа келтірудеміз. Сол ғимараттарда кәсіпорындар ашудамыз. Бұл жұмыстар жалғасын табады.

Оң өзгеріс, жүйелі жұмыс өңірімізді жарқын болашаққа жетелейтіндігі сөзсіз. Өндіріс саласындағы жобалар өлкемізді одан әрі өркендетеді деген сенімдеміз.

Байболат Култанов