Денсаулық сақтау

ДДҰ: “Әлем тәж вирусын жұқтырудың шарықтау шегінен өтті”

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, әлем тәж вирусын жұқтырудың шарықтау шегінен өтті. Дей тұрғанмен, бұл жағаны жайлауға жіберуге болады дегенді білдірмейді. Бүгінде вирус әр апта сайын 4,5 млн-ға жуық адамға жұғып жатыр екен. Ал, өлім-жітім көрсеткіші 68 мыңға жеткен. Елдегі эпидахуал жайлы баяндайық. Соңғы тәулікте республикамызда 3600-ден астам жаңа жағдай тіркелген. Індетке шалдыққандардың 79-ы – солтүстікқазақстандықтар.

Елде сауыққан жандардың саны ауырғандардан көп екені мәлім болып отыр. Бір күнде 6 900-ге жуық науқас дертті жеңген. Бірақ, қазір әлі 87 мың адам ем қабылдауда. Оның 18 мыңы медициналық көмекке зәру. Стационарлардағы науқастардың мыңнан астамы – ауыр халде, 378-і – аса ауыр жағдайда, 200-ге жуығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. “Жасыл” аймақта – Түркістан облысы ғана. “Сарыда” – Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан өңірлері. 8-ші қыркүйектегі мәліметтер бойынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның 1 компонентін 7 млн-ға жуық адам алса, 5 млн 755 мың қазақстандық иммундаудың толық курсынан өткен.

Байболат Култанов