Білім

Биыл магистратура мен докторантураға қабылдау екі рет өткізіледі

Тимур Айтуллин биыл Қозыбаев университетін тәмамдады. Қолына дипломын алғаннан кейін жерлесіміз “Экономика” мамандығы бойынша магистратураға түсуге шешім қабылдаған. Тиісті құжаттарды жинап, арнайы тестілеуден өтіпті. Бағы жанды, жалынды жасқа грант бұйырды.

Тимур Айтуллин, Қозыбаев университетінің магистранты:

Биыл техникалық, гуманитарлық және экономикалық мамандықтар бойынша көп грант бөлінді. Соның бірін мен иелендім. Қуанышымда шек болмады. Мемлекеттік қолдау білімімді толықтыруға және болашақта өзімнің білген-түйгенімді өзге студенттермен бөлісуге мүмкіндік береді.

Тимур жылдағы дәстүр бойынша оқуға қабылданды. Яғни, тамыз айында өткізілген конкурста грант жеңіп алған. Осы орайда жаңашылдықпен бөлісейік. Жақында ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook парақшасында магистратура мен докторантураға қабылдау биыл екі рет өткізілетіндігін хабарлады. Енді арнайы емтихандар тамыз және желтоқсан айында ұйымдастырылмақ. Оның өзіндік себебі бар. Жазғы науқанда кейбір мамандықтар бойынша гранттардың артылып қалуы байқалған. Міне, солар қысқы конкурста үміткерлерге үлестірілмек.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық. Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады.

Биыл Қозыбаев университетіне магистратураға 125 адам түскен. Ал докторантураға 7 адам қабылданған. Үстіміздегі жылы докторантура бойынша жергілікті жоғары оқу орнына 14 грант бөлініпті. Соның 7-еуі игерілмей қалған екен. Магистратура бойынша қаншасының
игерілмей қалғаны әзірге белгісіз.

Мәдина Қасенова, Қозыбаев университеті академиялық қызмет департаменті:

– Құжаттарын уақытында тапсыра алмай қалған, шет тілін меңгергендігін дәлелдейтін сертификатты алып үлгермей қалған жандар болады. Бұл – сол жандар үшін және оқуға түсу емтихандарын тапсыра алмағандар үшін жақсы мүмкіндік. Ұлттық тестілеу орталығы кешенді тестілеу мен оқуға түсу емтихандарын желтоқсан айында жүргізбекші. Нақты қанша грант үлестірілетіндігін және білім беру топтарының атауларын ҚР БҒМ ресми құжатпен дайындап шығарады.

Бүгінде Қозыбаев университетінде 300-ден астам магистрант пен 30-ға жуы докторант білім алып жүр.

Алдияр Айтпаев