Бизнес және экономика

Биыл «DAMU» қорының жергілікті филиалы 400-ден астам жобаны субсидиялаған

«MATEX» – Петропавлдағы шұлық тоқитын жалғыз фабрика. Мұнда балалар мен ересек адамдарға арналған отандық өнімнің түр-түрі жасалады. Цех 3 жыл бұрын ашылды. Осы уақытқа дейін мамандар тоқыма өндірісінің қыр-сырын толық игеріп алған көрінеді. Былтырдан бастап тымақ пен мойынорағыш тігуді бастапты.

Арамаис Тер-Аствацатурян, «MATEX» ЖШС директоры:

Қазіргі күні цехта 30-ға жуық машина бар. Тәулігіне 7 мыңға жуық бұйым тоқылады. Тапсырысқа байланысты қондырғылардың баптамасын өзгертіп отыру қажет. Оған біраз уақыт кетеді. Нарықта біздің тауарға деген сұраныс көп. Барлығын қамтып үлгере алмаймыз. Себебі, басқаларға қарағанда өнім сапалы және бағасы да қалта қақпайды.

Сұранысты жабу үшін өндіріс көлемін 2 есеге арттыру қажет. Жоспарды жүзеге асыру жолында цех басшысы «DAMU» қоры арқылы 6 пайызбен несие алған. Түскен қаржыға 25 бірлік техника сатып алыпты. Қондырғылар келесі айда жеткізіліп, жөндеуден өтіп жатқан жаңа нысанның ішіне орнатылады. Айта кеткен жөн, мұндағы тауарлар түрік пен өзбек маталарынан тігіледі. Отандық өнім ішкі нарықтан бөлек, Ресейдің бірнеше облысына экспортталады.

Ал, Петропавлдағы «Sens Fashion» фабрикасы былтыр біраз шығынға ұшырады. Мұнда мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арналған форма тігіледі. Пандемияның салдарынан өткен жылы балалардың дені мектепке барған жоқ. Салдарынан тігіншілердің ала жаздай тер төгіп дайындаған киімдері өтпей қалды. Ақша жұмсалды, кіріс жоқ. Жұмысшыларға жалақы да төленбеді.

Сергей Сокирко
, «Sens Fashion» ЖШС директоры:

Қиын кезеңде «DAMU» қоры бізге біраз қолдау көрсетті. Бірнеше рет төмендетілген пайызбен несие беріп, қаржыландырды. Ақшаға шикізат пен жаңа қондырғылар сатып алдық. Жұмысшыларға жалақыларын төледік. Пандемия басталғалы мамандарымыз мектеп формасынан бөлек трикотаж киімдерін тігуді меңгеріп алды.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

Менің үстімдегі мына спорттық костюм дәл осы жердегі цехта тігілген. Дизайнына қарасақ құдды бір шетелдік брендтерінің өнімі секілді. Ал материалының сапасы болса көптің мақтауындағы түрік матасынан кем емес.

Қазіргі күні мұнда трикотаж киімнің түр-түрі әзірленеді. Ол: футболка, поло, көйлек, шалбар, іш киімдер – айта берсек, көп. Фабриканың өнімдері облысымыздағы дүкендерде бар. Сонымен қатар, тауарларды интернет-дүкеннен де табуға болады.

Жалпы, «DAMU» қоры жыл басынан бері несиені субсидиялау бойынша 24 млрд 16 млн теңгеге 430 келісім шарт жасасқан. Мемлекеттік қолдау түрлі секторға бағытталған. Білім беру саласында еңбектенетін кәсіпкерлер алған несиеге ғимараттың іші-сыртын жөндесе, өзгелері өндіріске қажет заманауи қондырғылар сатып алып, жұмыстарын жылдамдатуда.

Бердимурат Баймухан