Білім

Магистратура мен докторантураға қабылдау биыл екі рет өтеді

Магистратура мен докторантураға қабылдау биыл екі рет өткізіледі. Енді емтихандар тамыз айында ғана емес, желтоқсанда да ұйымдастырылмақ.

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook-тағы парақшасында жазды. Өзгерістің өзіндік себебі бар. Жазғы қабылдау науқанынан кейін білім беру гранттары артылып қалған. Соған байланысты жыл соңында тағы бір конкурс өткізіледі. Дайындық бағыттары, гранттардың саны мен құжаттарды қабылдау күні жайлы ақпарат жақын арада белгілі болады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық. Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады.

Маржан Касымбек