ТЖ

Жыл басынан бері өңірде 500-ге жуық өрт тіркелді

Тимирязев ауданынан бастайық. Жыл басынан бері аталған ауданда 18 өрт оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 3 адам қаза тапқан. Ал келген материалдық шығын 3 млн теңгеден асып жығылады.

Бектұрған Омаров, Тимирязев аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Өткен жылы өрттен кісі өлімі тіркелмеп еді, биыл бірнеше жағдай орын алды. Қазіргі таңда ауданда рейдтік және профилактикалық шараларды күшейтудеміз.

Ал Ақжар ауданында жыл басынан 12 өрт оқиғасы орын алған. Оның 7-еуі жеке секторларда тіркелген екен. Басым көпшілігінде сымдардың қысқа тұйықталуы себеп. Қазіргі қауырт науқанда аудан аумағында шөптің жану фактілері де жиілеген. Тамыз айының соңында Талшықта 20 тонна мал азығы жанып кеткен.

Арман Таниев, Ақжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– 15-20 келілік 1 200-ге жуық бума шөпке от түскен. Үйдің маңында тұрған 20 тонна шөп жанып кеткен. Материалдық шығын көлемі 570 мың теңгені құрайды. Бұл факті жөнінде тиісті материал жинақталып, полиция қызметкерлеріне жіберілді. Шөпті біреу қасақана күйдіріп жіберді деген күдік бар.

Жыл басынан бері СҚО-да 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көп. Материалдық шығын мен зардап шеккендер саны үш есеге артқан. Өрттен 35 адам жарақат алып, 36 адам қаза тапқан.

Алдияр Айтпаев