Өнеркәсіп

Президент «Alageum Electric» электротехника зауытында болды

«CLAAS»-тан кейін мемлекет басшысы ат басын Петропавл электротехникалық зауытына бұрды. Бұл – атақты «Alageum Electric» компаниясына қарасты жаңа өндіріс ошағы. Кәсіпорында жылына жалпы құны 15 млрд теңге болатын 13 мың дана трансформатор шығарылмақ. Оның 98 пайызы ТМД елдеріне экспортталатын болады. Зауыт 300-ден астам адамды жұмыспен қамтиды. Басымдық жастарға берілмек. “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алған түлектерді де екі қолға бір күрекпен қамту көзделіп отыр.

Басшылық мамандарға тиісті жағдай жасамақ. Орташа жалақы 250 мың теңгені құрайды. Қызметкерлерге арналып 40 пәтерлі үй салынды. Болашақта 104 пәтерлі баспана бой көтермек. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұжыммен әңгімелесті. Президент кәсіпорынның жұмысы мен оның экспорттық әлеуетіне жоғары бағасын берді. Мемлекет басшысы зауыттың табысты дами беретініне сенім білдіріп, отандық өндірушілерге Үкімет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

Дана Ешкенова