Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен СҚО-ға келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымын «Сервис-ЖАРС» серіктестігі шаруашылығының алқабына барып, күзгі жиын-терім жұмыстарымен танысты. Президент аграрилермен әңгімелесу барысында биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы бойынша тиісті міндеттер жүктегенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз субсидия саласындағы саясатымызды жетілдіріп, реттеуіміз керек. Аталған мәселеге Жолдауымда арнайы тоқталдым. Бұл жерде бәрі айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Алайда, қазіргі уақытта біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев дайын әрі өңделген өнімнің, соның ішінде ұнның экспортқа шығарылу көлемі төмендегенін атап өтті. “Бұл ретте қолайлы тариф саясаты қажет”, деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Жалпы, Үкімет, Сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуы тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ, қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан, тауар өндірушілерге, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев егін жинау жұмыстарында пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларымен де танысты. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан, Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін.

Алқаптарды аралап болған соң аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Президент алдында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы жөнінде есеп берді.

Дана Ешкенова