Өнеркәсіп

Қасым-Жомарт Тоқаев “CLAAS” зауытында болды

Бердімұрат Баймұқан:

– «CLAАS» маркалы ауылшаруашылығы техникасын өндіретін зауыт 9 елде ғана бар. Әлемдегі 14 өндіріс ошағында немістің тегеурінді техникалары жиналады. Соның бірі бүгін Петропавлда ашылды. Жобаны жүзеге асыру үшін 3 млрд теңге инвестиция құйылған. Енді осы жерде шығарылатын комбайн мен тракторлар солтүстікқазақстандық диқандардың техникасын жыл сайын 6 пайызға жаңартуға мүмкіндік береді.

«TUCANO» комбайны, «XERION» тракторы мен «HORSCH» тұқым сепкіші. Жергілікті ауылшаруашылығы өндірушілерді келесі жылдан бастап мына тұрған озық үлгідегі техникаларды 50 пайыз арзан бағаға сатып ала алады. Жыл соңына дейін зауыттағы мамандар комбайнның 100-ге жуық данасын шығармақшы.

Нильс Ройтч, ТМД елдеріндегі «CLAAS» компаниясының аймақтық директоры:

– Біздің техникалар қазірдің өзінде Қазақстандағы алқаптарда жұмыс істеп жүр. Бұл көліктер бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан облысында өндіріле бастайды. Оларды әлем бойынша ең озық үлгідегі технологиямен жабдықтаймыз. Алғаш болып «TUCANO» комбайнын құрастыруға кірісеміз.

«Машинаның қуатты болғанынан гөрі оның дұрыс қолданылғаны маңызды» – дейді германиялық меймандар. Сөздерінше «CLAАS» маркалы тұқым сепкіш пен астық жинағыш техникалардың бәрінде автоматты басқару жүйесі бар. Яғни, жасанды интеллект орнатылған. Нақтырақ айтсақ, көлік алқапқа шыққан сайын қоршаған ортаға бейімделіп, өзін-өзі дамытып отырады. Осылайша, толық қуатта жұмыс істей алады.

Нильс Ройтч, ТМД елдеріндегі «CLAAS» компаниясының аймақтық директоры:

– Бұл жүйе жұмыс істеген кезде барлық процестерді өзі қадағалайды. Адамның қатысуынсыз қозғалысын, астық құю жылдамдығын, ылғалдылықты, жағармай шығынын есептеп отырады. Осындай жолмен машина өзіне ең қолайлы жұмыс режимін орнатады. Техника дұрыс пайдаланылса, өнім де көп болады.

Жалпы, «CLAAS» зауытында қазір 100-ден аса адам жұмыс істейді. Келесі жылы мамандар мұнда 300 комбайн жинау жоспарда бар дейді.

Бердимурат Баймухан