Билік

Халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетіледі

Биыл елдегі инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік бағасының шарықтауы себеп болған. Сегіз айдың қорытындысына сүйенсек, өсім 11,4%-ға артқандығын байқауға болады. Оны қалыпқа келтіру үшін үкімет тауарлар өндірісі, экспорт мен импорттың балансын қатаң сақтамақ. Ішкі нарықты жан-жақты толықтырып, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігі арттырылады.

Осылайша, азық-түлік инфляциясы келесі жылы – 5%-ке, ал 23-24 жылдары 4%-ке дейін төмендетілмек. Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев 2 жылдан кейін бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастауды ұсынды.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

– 2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға арналған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады.

Маржан Касымбек