Құқық қорғау органдары

СҚО-да 3 күнде 9 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

Күздің алғашқы айының небәрі 3 күнінде өңірімізде 9 бірдей интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Сан соғып қалғандардың арасында кәсіпкер де бар. Ол жаһандық желі арқылы Ресейден құрылыс заттарын сатып алуды ойлапты. Қулардың сөздеріне сеніп, алдын ала бақандай 2 млн теңгеден астам төлем жасаған екен.

Ақшаны қалтаға басқаннан кейін тапсырыс қабылдаушы тарап үшті-күйлі жоғалған. Телефондарын сөндіріп, сайттарын өшіріп тастаған. Ал, 3 петропавлдық банк қызметкері болып қоңырау шалған айлакердің құрығына түсіпті. Оның бірі – 75 жастағы зейнеткер. 1 пысықай өзгенің атынан шағын несие рәсімдесе, екеуі облыс орталығының тұрғындарынан жоқ зат пен жалған жалдамалы пәтер үшін төлем алған. Қалған 2 жағдайда бәз біреулер жерлестерімізге хабарласып, “жақыныңыз полицияға түсіп қалды, дереу ақша керек” деген екен. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын мұқият болуға, күмән туғызатын хабарламалар мен қоңырауларға сенбеуге шақырады.

Байболат Култанов