ТКШ

Петропавлда биыл 40 аулаға ойын алаңқайы орнатылды

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі 264-ші үйдің тұрғындары үшін қуанышты күн. Әсіресе, кішкентай бүлдіршіндер үшін. Себебі, балақайлар бұл сәтті біраз күткен екен. Олардың армандары орындалып, аулаларына су жаңа заманауи әткеншектер орнатылып жатыр.

– Мен көрші үйден келіп ойнаймын. Аула үлкен. Бүгін тіпті жаңа әткіншектер орнатылып жатыр. Өте әдемі екен.

– Жаңа ойын алаңқайы ұнады. Тезірек орнатылса екен, ойнағым келіп тұр.

Аулада шаруа қызған. Жұмысты жергілікті “STRONG SERVIS” серіктестігі атқаруда. Кәсіпорын бригадирі Роман Башковтың сөзінше, балалардың қауіпсіздігі назардан тыс қалмайды. Алаңқай арнайы материалмен қоршалады.

Роман Башков, “STRONG SERVIS” ЖШС бригадирі:

– Біздің серіктестік 14 жылдан бері балалар алаңқайын орнатумен айналысады. Жылда әткеншектердің дизайны, түсі мен элементтері өзгеріп жатады. Бір аулаға 5 адам жұмылдырылады. Шаруаны 1 күннің ішінде аяқтаймыз.

Жалпы, бұл 5 қабатты үйге биыл 44 жыл. Осы уақыттың ішінде балалар алаңқайы бірнеше рет жаңартылған. ПИК төрайымы Татьяна Хрипунованың айтуынша, соңғы жылдары аула жаңа кейіпке еніп, гүлдене түскен. Ескірген ағаштар кесіліп, әуелде болмаған асфальт төселген.

Татьяна Хрипунова, «Н.Назарбаев – 264» ПИК төрайымы:

– Осындай заманаауи әткеншектерді біздің аулаға орнату жөнінде қалалық әкімдікке өтініш білдірген болатынбыз. Бүгін бұйымтайымыз орындалып отыр. Енді ауламызға спорт алаңы қажет. Қазір тиісті құжаттарын жинастырып жатырмыз.

Бұл ретте айта кетейік, белгілі бір жерге спорттық немесе балалар алаңқайын орнату үшін қалалық әкімдікке жүгіну қажет. Яғни, өтініш жазу керек. Осы құжат қабылданған соң мекенжай арнайы базаға енгізіліп, жоспарланған шаруалар тізіміне қосылады. Тізімді әкімдік сайтынан қарауға болады. Соңғы 2 жылда қала аулаларында 100-ден астам алаңқай салынған.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Барлық жұмыстар кезек бойынша жүргізіледі. Кезекті қалалық әкімдік сайтына қарауға болады.

Жалпы, биыл Петропавлда 60 балалар алаңқайын салу жоспарланған екен. Бүгінге дейін оның 40-ы тұрғызылып, халық игілігіне тапсырылыпты. Қалғаны қыркүйек айының ортасына дейін орнатылмақ.

Дана Ешкенова