МТРА жаңалықтары

Б.Мусин: Қазақстанның Еуразия орталығында цифрлық хабқа айналуға нақты мүмкіндігі бар

Қазақстанның IT-саласында айтарлықтай кадр тапшылығы сезіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.

Өзекті мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана жариялаған Жолдауында тілге тиек етіп, шешуді тапсырған болатын. Алда 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндеті тұр. Ол үшін елімізде жеке IT-мектептерде оқыту үшін жыл сайын ІT-ваучерлер берілетін болады. Бұл шара барлық ниет білдіруші жандарды даярлау мен қайта даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталмақ. Жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін 20 мың IT-ваучер беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ІT-мамандықтары бойынша бағдарламаларды өзгертуге дайындық жүргізілуде. Ал, университеттермен ІТ-дағдылары бар салалық мамандарды даярлау мақсатында ІT-мамандықтарды бейінді өндірістермен біріктіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Министр атап өткендей, пандемия Қазақстанға Орталық Азияда цифрлық хабқа айналу перспективасын ашты. Ендігі міндет – жаңа желілер салу мәселесін пысықтау. Ол үшін Азия мен Еуропа арасында жасыл энергетиканы дамытуды және әлемдік цифрлық платформалар үшін «Жасыл хаб» құру ескерілмек.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Әлемдік үрдіске сәйкес платформалар өз клиенттеріне жақын жерде орналасқан ең ыңғайлы өңдеу, сақтау және қызмет көрсету үшін қажетті орын іздейді. Бізде Еуразия орталығында осындай цифрлық орталықтың нақты мүмкіндігі бар. Осы мақсатта Мемлекет басшысының қарауына енгізілетін тиісті тұжырымдама мен жоспар әзірленетін болады.

Байболат Култанов