ТЖ

Петропавлдағы көпқабатты үйлердің 90 пайызы қысқы маусымға дайын

Мына 9 қабатты үй М.Жұмабаев көшесінде орналасқан. 180 пәтерден тұратын баспана осыдан тура 37 жыл бұрын қолданысқа берілген. Үй тұрғындары өте жауапты, шырылдауық шегірткенің күйін кешіп көрген емеспіз. Қысқа жаз айларында қам жасаймыз дейді осы үйге жауапты “Рубин” пәтер иелері кооперативінің төрағасы Владимир Идеменов.

Владимир Идеменов, “Рубин” ПИК төрағасы:

– Жылда жылыту маусымы аяқталысымен бірден құбырларды тексеріп, жуып-шаю жұмыстарын жүргіземіз. Егер тексеріс барысында қандай да бір олқылықтар анықталса, бірден оларды жоямыз. Осының арқасында, қыс мезгілінде бірде-бір рет апаттық жағдайға тап болмадық. Пәтерлеріміз өте жылы.

Білікті мамандар алдымен гидропресспен құбырылардың жағдайын тексереді. “Жылыту жүйесінде еш ақаулар анықталмай, жұмысқа жарамдылығы расталғаннан кейін ғана құбырлар тат пен кірден тазартылады.

Иван Голубь, “Голубь” ЖК директоры:

Қыста апаттық жағдайларға тап болмау үшін, қауырт маусымға дайындыққа жаздың басында кіріскен жөн. Олқылықты анықтап, оны жөндеуге де уақыт болады. Бүгінге дейін қала бойынша 40-тан астам баспананың жылыту құбырларын жуып-шайып, қысқа әзірлеп қойдық.

Бүгіндері облыс орталығында 1106 баспана орталық жылыту жүйесіне қосылған. Бүгінде оның 908-і қауырт маусымға сақадай сай отыр. Қалған үйлер келесі аптаның соңына дейін дайындық құжаттарын алмақ.

Дана Ешкенова