Білім

Жатақханаға қабылдау жалғасуда

Студенттік өмірдің ең қызықты күндері студенттер үйінде өтеді. Бұл – жоғарғы оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам басқан ұл-қыздардың ендігі тұрағы. Қаламыздағы Қозыбаев университеті жер-жерден ағылған жастарды тамыздан бері қабылдап жатыр. Мәселен, №3 жатақханаға бүгінге дейін жүздеген жас жайғасқан екен. Солардың бірі – Жансая Төлегенова.

Жансая Төлегенова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының тумасымын. Қозыбаев университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» факультетінің 1-ші курс студентімін. Жатақханаға орналасу үшін куәліктің, гранттың көшірмесін жібердім. Емтиханнан өткендігім жайлы анықтаманы онлайн жібердім. Келесі күні қабылдау комиссиясына тапсырдым.

Жансая жатақханаға орналасу үшін ұзақ күтпепті. Құжаттарды тапсырған күні-ақ, студенттер үйінен орын берілген.

Жансая Төлегенова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Жатақхана келген кезде студенттермен тез тіл табысып кеттім. Куратор қарсы алды. Нысанның ішіне келетін болсақ, ең бірінші көзге түсетіні – тазалық. Керектінің барлығы бар. Душ пен ас бөлмесі белгіленген уақыт аралығында істейді.

Карантин талаптарына сәйкес, 4 орындық бөлмеде тек 2 адамның тұруына рұқсат етілген. Университет жатақханаларына бүгінге дейін 970-тен астам студент орналасыпты. Құжаттарды қабылдау науқаны әлі де жүргізіліп жатыр.

Рената Апергенова, Қозыбаев университеті Академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:

– 1-ші курс студенттеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Себебі, университет табалдырығын енді аттанған қыз-жігіттердің басым бөлігі – кәмелет жасына толмағандар. Жастар студенттік өмірге үйреніп кеткенше біздің назарымызда болады.

Бұдан кейінгі басымдық әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы жастарға беріледі.

Рената Апергенова, Қозыбаев университеті Академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:

– 1-ші курс студенттерін жатақханаға толық қабылдаған соң, мүмкіндігі шектеулі жастарды орналастырамыз. Ата-ана қарауынсыз қалған балалар да ұмытылмайды. Бұл тізім толық қамтылғанан кейін «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскендердің өтініші қаралады. Артынша жатақханаға грант және «Алтын белгі» иегерлері орналастырылады.

Жатақаналарда тек 140 орын қалыпты. Бүгін-ертең оларға студенттер орналастырылады. Қозыбаев университетінің басшылығы қазір қаладағы өзге де жатақхана иелерімен келісімшарт жасасып жатыр екен. Ол жерде қыз-жігіттерге арналған қосымша 350 орын болмақ.

Маржан Касымбек