Петропавлда сыйымдылығы 80 мың тоннаны құрайтын элеватор іске қосылды

Ауыл шаруашылығы

23:47 3 Қыркүйек 2021

Құдайберген Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– “Колос” бұрын атақты элеватор болатын. Сол элеватордың халі мүшкіл болып, 4 жыл жұмыс істемей тұрды. Бұрынғы инвесторлары дұрыс жұмыс істемеді. Сондықтан, бұл проблемалы элеваторлардың қатарына қосылып, былтыр қазан айында сатылды.

Ал, жаңа инвесторлар – аграрлы салада өздерінің орнын ойып тұрып алған компания. Серіктестіктің Ақмола облысында 100 мың гектар жері бар. Бүгінге дейін көршілес өңірде 5 бірдей элеватор ашып, диқандарға дәнді және майлы дақылдарды сақтау бойынша қызмет көрсетуде. Дәл осы іспен енді аққайыңдар өлкесінде де айналыспақ. Бизнесмендер тұралап қалған нысанды 670 млн теңгеге сатып алған. Қалыпқа келтіру жұмыстарына 500 млн теңгеге жуық қаржы жұмсап, нысанды адам танымастай етіп өзгерткен.

Арман Құдайбергенов, “Бетеге-У” ЖШС бас директоры:

– Бірқатар нысанды сүріп тастадық. Ғимараттардың жағдайы өте нашар болды. Электр жүйесін толығымен ауыстырып, элеватор мен қоймаларды қалыпқа келтірдік. Шаруаны мамыр айында бастадық. Бүгінде кәсіпорын дәнді дақылдарды қабылдауға толығымен дайын. Екі аптадан соң рапс, зығыр мен күнбағысты қабылдауға да кірісеміз.

Серіктестік астықты қабылдайды, кептіреді, тазартады және сақтайды. Кәсіпорынның сыйымдылығы – 80 мың тонна алтын дәнді құрайды. Элеватордың өзгелерінен ерекшелігі сол – мұнда майлы дақылдарды да сақтауға барлық жағдай жасалған. Рапс, зығыр мен күнбағысты қалыпты жағдайда ұстау бойынша біздің өңірде бірқатар проблема барын айта кеткен жөн. Басты мәселе – жабдықталған қоймалардың тапшылығы. Жаңа кәсіпорын осы түйткілді біржақты етуге ат салыспақ.

Құдайберген Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Біздің майлы дақылдарды өсірушілер өнімдерін қайта апарып, қайда сататынын білмей жүретін. Біздегі элеваторлар астықты алады, бірақ кейін аграрий алып кетемін десе, бермейді. Ал бұл элеватор астықты алып, кондициясына жеткізіп, кейін оның бағасын диқандар ұнатпай жатса, алып кетулеріне мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көңілінен шығып отыр.

Қазір элеватор жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен келіссөздер жүргізуде. Аграрийлер ала жаздай өсіріп, жинаған алтын дәнін ертеңнен бастап әкелмек. Жалпы, өңір бойынша 30 астық қабылдау орны биылғы өнімді қабылдауға кіріскен. Бүгінде 106 мың тонна ырыздық тапсырылыпты. Оның 91 мың тоннасы – бидай.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Қызылжар ауданында орақ науқаны 60%-ға тәмам
Аққайың ауданындағы жемшөп дайындау жұмыстары
Егін орағы қызу жүргізіліп жатыр
Облыста дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 68 пайызы орылды
Орақ науқаны қыза түсті
Жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, бөдене бағатын зейнеткер
137 тірек елді мекенде медициналық пункттер ашу қарастырылған