Мәдениет

Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күніне орай апталық бастау алды

Апталықтың бірінші күні. «Тіл – руханият тірегі» атты салтанатты жиын барысында ана тілімізді дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар жерлесіміз марапатталды.

Қошеметке бөленгендердің бірі – Әсел Махметова. Мемлекеттік қызметшілерге 10 жылдан бері ана тілімізді үйретіп жүрген маман бүгін Білім және ғылым министрлігі тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазіргі таңда жерлесіміз 75 тыңдаушыға білген-түйгенін үйретіп жүр.

Әсел Махметова, Ғ.Мүсірепов аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:

– Жағдайлар жасалып жатқаннан кейін, қазақ тілінің мәртебесі артып келе жатыр. Әрине, мемлекеттік қызметте қазақ тілі керек. Біздің мамандар А1 деңгейін толық біледі. Қазақ тілін мүлдем білмейтін тындаушы жоқ.

Бүгінде елімізде 130-ға тарта ұлт пен ұлыс тұрады. Әрқайсысы білетін, өздеріне жақын тілде сөйлейді. Мысалы, белорусь қызы Карина Мелихова қазақшаға судай. «Қазақстанда тұрып, өсіп-өңгеннен кейін бұл менің перзенттік парызым»,- дейді бұрымды.

Карина Мелихова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Бала кезімнен қазақ мектебінде оқыдым. Айналамда жүрген жандардың барлығы қазақтар болды. Мен қазақ тілін өте бай, көркем, әдемі тіл деп білемін. Менің ана тілім басқа болса да, қазақ тілі – менің туған тілім. Отбасымызда барлығымыз қазақша сөйлейміз. Осындай іс-шараларға жиі қатысамын.

Иә, өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізді үйренуге деген қызығушылықтары күннен-күнге артып келеді. Оған дәлел, облысымызда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің 280 баласы қазақ сыныптарында білім алып жүр. Бұған тиісті жағдай жасалуда. Соңғы 3 жылда өңірде 4 мектеп салынды. Оның 3-еуі – облыс орталығында. Айта кетейік, осы кезеңде мемлекеттік тілді меңгерген өңір халқының үлесі де 53-тен 55 пайызға дейін артыпты.

Досбол Әбдірисов, СҚО әкімдігнің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1-ші қыркүйекте жасаған Жолдауында мемлекеттік тілге баса назар аударған болатын.50 Ата заң бойынша елімізде бірақ мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағымызды дамытатын әрбір азамат қазақ тілін білуі тиіс деп қадап айтқан болатын.

Тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналып ұйымдастырып жатқан тіл апталығы 25-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Осы аралықта облыс аумағында 400-ге тарта іс-шара ұйымдастырылады.

Алдияр Айтпаев