Денсаулық сақтау

Өңірде соңғы бір жарым айда індеттен 106 адам көз жұмған

Елімізде індет пайда болғалы бері 8 жасқа дейінгі 1270 солтүстікқазақстандық бала коронавирус жұқтырған. Балақайлардың басым бөлігі аурудан құлан-таза айығып шығыпты. Ал, қалған 160-ы – қазір дәрігерлердің жіті бақылауында. “Жағдайлары күн сайын жақсарып келеді” дейді мамандар.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Жақында 28 күндік сәбидің коронавирус жұқтырғандығы анықталды. Шақалақ аурудың симптомсыз түріне шалдыққан. Қазір жағдайы жақсы. Тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Нұрлан Айманов брифинг барысында індетке шалдыққан жүкті әйелдер туралы да баяндады.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Былтырдан бері өңірімізде 520-дан астам жүкті әйелдің індет жұқтырғандығы анықталып отыр. Науқастанған 25 нәзікжанды перзенттерін кесір тілігін жасату арқылы босанды. Өз мерзімінде дүниеге келген 10 сәбидің жағдайы жақсы. 5 шақалақ шала туылды. 4 нәресте өте мүшкіл халде өмір есігін ашты. Өкінішке қарай, 3 бала көз жұмды.

Енді коронавирусқа қатысты соңғы деректермен бөлісейік. Кеше 70 солтүстікқазақстандық тәж вирусын жұқтырған. Оның 66-сында ауру белгілері анық байқалады. Дерттің симптомды түріне шалдыққан жерлестеріміздің басым бөлігі ауруханаға жатқызылыпты. Бүгінде өңірдегі стационарларда 2 мың маманнан құрылған 36 мобильді бригада жұмыс істеп жатыр.

Маржан Касымбек