Аптадағы маңызды жаңалықтар

Денсаулық сақтау саласы өкілдері Жолдауға үн қосты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласына тоқталып, отандастарымызға иммундау шарасына бей-жай қарамау қажеттігін айтты. Өзіміз жақсы білетіндей, қоғам арасында екпе алуға қарсы жандар бар. Антиваксерлер өздерімен қатар өзгелердің де өміріне қатерге тігуде. Президент халықты парасатты болуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан, екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн. Адамзат көптеген індетті бастан өткерген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында “алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін” екенін де тілге тиек етті. Оның қашан болатынын күтіп, қарап отырмай, әрекет еткен жөн. Сондықтан, “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте айта кетейік, бүгінде азаматтарымыз отандық препараттан бөлек, шетелдік бірнеше екпеге таңдау жасай алады.

Сергей Ишин, облыстық көпбейінді аурухананың анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі:

– Вакцинация – коронавирустан қорғанудың ең тиімді және қауіпсіз жолы. Отандастарымыздың 70 пайызы иммундау шарасынан толық өткен кезде ғана елімізде ұжымдық иммунитет пайда болады. Әйтпеген жағдайда індет жан-жаққа тарап, ауырғандардың саны артады. Қазір көпбейінді облыстық аурухананың коронавирус бөлімшесінде 100-ден астам адам ем қабылдауда. Оның басым бөлігі – екпе алмағандар.

Дәрігердің сөзінше, екпе алмаған тағы 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайлары аса ауыр деп бағаланып отыр екен. Осы ретте естеріңізге сала кетейік, елімізде халықты иммундау шарасы ақпан айынан жүргізілуде. Бүгінге дейін 6 млн 700 мыңнан астам қазақстандық вакциналанған. Оның 200 мыңы – теріскейлік. Статистика әлі де көңіл көншітпейді. Қазақстанда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін 10 миллионнан астам адам екпе алуы тиіс.

Дана Ешкенова