Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жетекші ғалымдардың жалақысы артады

Оқу жылы басталды. Абырой болғанда, сабақтар дәстүрлі форматта өтуде. Дегенмен, пандемияның салдары әлі де білініп жатыр. 1,5 жыл бойы ұл-қыздар жаңа тақырыпты онлайн платформалар және бейнебайланыс арқылы меңгеруге мәжбүр болғаны мәлім. Осының салдарынан оқу үлгерімдерін де төмендетіп алды. Қазір деңгейді арттыруға көп көңіл бөлінуде. Мақсатқа жету үшін ұстаздар қауымының біліктілігіне де назар аудару қажет.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуы тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді.

Бұл – орта білім беру жүйесіндегі жалғыз проблема емес. Өткір тұрған сұрақтардың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Бүгінде өзекті мәселемен ел бойынша 225 мың оқушы бетпе-бет кездескен. Салдарынан білім ошақтары 3 кезекте жұмыс істеуде. Бұл мұғалімдерге артылған жүктеменің көбейіп, білім сапасының төмендеуіне әкеп соқтыратыны жасырын емес.

Шыңғыс Курбанов, СҚО ҚХА әзірбайжан мәдени орталығының жетекшісі:

– Ел Президенті мәселені шешу үшін шұғыл шара қабылдамасақ, орын тапшылығы 2025 жылға қарай 1 миллионға жетеді деді. Сондықтан, осы уақытқа дейін республика көлемінде кемінде 800 мектеп тұрғызу міндеті қойылған болатын. Бірақ, мемлекет басшысы межені 1 мыңға жеткізу қажеттігін айтты. Сонда ғана проблема толығымен біржақты етілмек. Бұл – керемет бастама.

Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары Ел Президентінің Жолдауымен ұштасады. Өңірде алдағы 5 жылда 16 су жаңа мектеп ашу көзделген. Бірақ, білім ошақтарының құрылысына қаражатты тек мемлекеттік бюджеттен бағыттамай, жеке компанияларды да іске тарту керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Саяси маңызды құжатта мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселеге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасылардың балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек.

Евгений Соловьёв, “СҚО құқықтық қолдау орталығы” ҚБ директоры:

– Бүгінгі таңда жоғарғы білім – өте маңызды дүние. Кез келген жұмысқа тұру үшін сенің университет, тым болмағанда колледж бітіруің қажет. Сондықтан, басымдықтың дәл осы салаға беріліп жатқаны қуантады. Техникалық мамандықтар бойынша білім тегін берілсе, тіптен жақсы.

Ғылым саласы өкілдеріне жасалған жағдай да көңіл көншітпейді. Жетекші мамандарға тұрақты әрі өз еңбегіне лайықты жалақы төленуі тиіс. Сондай-ақ, ғалымдардың жобаларын жүзеге асыруға бөлінетін грант мерзімін ұзарту керек. Бүгінде ол небәрі 3 жылды құрайды. Осы аралықта қандай да бір нәтижеге қол жеткізу қиын дейді мемлекет басшысы. Сондықтан, қаржылай қолдаудың мерзімі 5 жылға дейін артатын болады.

Эльмира Садвокасова