ТЖ

СҚО-да 90 жастағы қария иіс тиюден көз жұмды

Қауіпсіздік шараларын қаперден шығармаңыз! Өткен аптаның өзінде өңірде 15 өрт оқиғасы болған. Жартысына жуығы Қызылжар ауданында орын алыпты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде айтылды.

Абырай болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі таңда қызыл жалынның неден шыққаны, материалдық шығын көлемі анықталып жатыр. Өкінішке қарай, 31-ші тамыз күні Тайынша ауданына қарасты Келлеровка елді мекенінде иіс тию жайты тіркелді. Мұнда 2 адам ыстан уланып қалды. Ауылдағы баспаналардың бірінде 90 жастағы қарт пен оның 59-шы жылғы қызы тұрыпты. Жақында қарияның үйіне Ресейде тұратын баласы қонаққа келген. Жайсыз жағдай орын алатын түні отбасы мүшелері жанған пештің мұржасын ерте жауып, ұйықтап қалған. Нәзік жанды кіреберіс бөлмеде түнепті. Таңертен жатын бөлмеге кіргенде ес-түссіз жатқан әкесі мен ағасын көрген. Қарт сол жерде жан тапсырған. Ал, ер адам ауруханаға жеткізіліпті. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Жылыту маусымы әлі басталған жоқ. Соның өзінде өңірімізде қайғылы оқиғалар орын алуда. Бұндай жағдай қайталанбас үшін сақ болу қажет және пештің жай-күйін тексерген жөн. Егер қандай да бір ақау анықталса, жөндеткен абзал. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 19 адамға иіс тиді. Өкінішке қарай, 5 тұрғын ажал құшты.

Бердимурат Баймухан