Билік

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасына 103 өтініш түскен

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Елена Степаненко да брифинг өткізді. Жыл басынан бері облыстық мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасына 103 өтініш түскен.

Тұрғындар тарапынан “e-Otinish” біріңғай ақпараттық жүйесіне жолданған өтінімдер 20 күннің ішінде қаралады. Мысалы, шілде мен тамыз айларында 9 құжат қаралған екен. Талдау көрсеткендей, олардың дені денсаулық сақтау, білім беру және жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен қызметкерлері тарапынан жіберіліпті. Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірімізде мемлекеттік қызметшілердің ісін бақылау және шамадан тыс жұмысты жоюға бағытталған шаралар жүргізілуде. Бұл шаруаға 106 мемлекеттік орган қатысып жатыр. Брифинг барысында әдеп жөніндегі кеңестер жайлы да айтылды. Ағымдағы жылы жергілікті кеңес өкілдері 7 тексеріс өткізіп, 162 бұзушылықты анықтапты. Жазаланғандар да бар. Мәселен, 5 бірдей аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Елена Степаненко, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметте жүрген жандардың шамадан тыс жұмыс істеуін бақылау жыл соңына дейін жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін бұл бағытта біршама іс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Облыста шамадан тыс жұмыс жасау деңгейі әжептәуір төмендеді. Сондай-ақ, біз қызметтік көлікті жұмыстан тыс пайдалану мәселесін де үнемі назарымызда ұстаймыз.

Алдияр Айтпаев