Қоғам

Халық санағының екінші кезеңі бастау алды

Дайындықтарын пысықтап, учаскелерді бөліп болған мамандар халық санағын бастап кетті. Бұл – науқанның екінші кезеңі болып есептеледі. Мұнда тұрғындар өзі жайлы ақпаратты онлайн тіркейді. Ол үшін арнайы 3 мобильді қосымша қарастырылған. Біріншісі – «Aitu» деп аталады. Қала тұрғыны Әлия Әміржанова алғашқылардың бірі болып жаңашылдықты қолданып көрді.

Әлия Әміржанова, қала тұрғыны:

– Сауалнаманы небәрі 5 минуттың ішінде толтырып шықтым. Ең алдымен жеке куәлігімнің нөмірі мен телефон нөмірімді тіркедім. Кейін код жазылған СМС келді. Сандарды теріп, сұрақтар бөліміне өттім. Бәрі түсінікті жазылған екен. Сауалнамаға жауап беру кезінде қиындықтар туындамады.

Әлия Әміржанова кәмелет жасқа толмаған 2 перзентін де онлайн санақтан өткізді. Ал Вячеслав Чинишлов сауалнаманы sanaq.gov.kz сайты арқылы толтырып жатыр. Студент техниканың тілін жетік меңгергендіктен істі көзді ашып-жұмғанша аяқтады.

Вячеслав Чинишлов, қала тұрғыны:

– Өзім университетте оқимын әрі оқушыларға тарихтан сабақ беремін. Үйде көп бола бермеймін. Сондықтан, санақтан онлайн өтіп алғанды жөн көрдім. Оның түк те қиындығы жоқ екен. Сайт өте ыңғайлы етіп әзірленген. Егде жастағы жандар да тез түсініп алдады деп ойлаймын.

Өткен тәулік ішінде 900-ден астам солтүстікқазақстандық санақтан онлайн өтіп үлгеріпті. Басым бөлігі – электрондық үкімет порталын қолданып жатқан көрінеді. Бірақ, заман игілігінің тілін тұрғындардың бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондақтан арнайы топ өкілдері жер-жерді аралап, офлайн санақ та өткізбек.

Марал Даниярова, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

– Жалпы аралау 1-30 қазан аралығында өтеді. Бұл мерзім ішінде санаққа онлайн қатыспаған респонденттер арасында жүргізіледі. Бұл кезең жаңалығы – интервьюерлер үй аралау кезінде планшет қолданады. Қазақстандағы әр адам маңызды. Азаматтарды ауқымды шараға қатысуға шақырамыз.

Дәстүрлі форматтағы санақты жүргізу үшін 700-ден астам адам жұмылдырылмақ. Олар жерлестерімізбен тілдесіп, тиісті мәліметті планшетке енгізеді. Ақпараттар жарияланбайды. Бірден арнайы дерекқорға жіберіледі. Науқан соңына дейін әр маман шамамен 800-ден астамды жанды тіркеуі керек.

Марал Даниярова, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

– Интервьюерлерді келесі белгілер арқылы танисыз. Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің мөрі басылған куәлік, халық санағының логотипі бейнеленген көк түсті портфель болады. Олар жайлы ақпаратты stat.gov.kz-тан біле аласыздар.

Санақ жүргізу аяқталған соң, заманауи құрылғылар мектептерге берілмек.

Маржан Касымбек