ТКШ

Бескөл ауылындағы көпқабатты үйлер ортақ қазандыққа қосылуда

Жастар көшесінің бойындағы үйлердің бірі бүгін орталықтандырылған жылыту желісіне қосылып жатыр. Тұрғындардың баспанасына жылу құбырлары тартылуда. 3 қабатты нысанды ауылдықтар 25 жылдан бері пешпен жылтып келген екен. Қыс келсе көмір, ағаш алу, аяздарда оны үйге тасу біраз машақат тудырады дейді жерлестеріміз. Әрі уақыт өткен сайын отынның бағасы да қымбаттап барады. Мәселен, Ермек Байтекеев бір маусымда 90 мың теңге жұмсайды. Ал, биылдан бастап бекскөлдік азамат жылуға 70 мың теңге төлейді.

Ермек Байтекеев, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ең маңыздысы – қауіпсіздік. Себебі, біздегі әр пәтердің ішінде пеш болды. Кез-келген уақытта өрт орын алуы мүмкін. Оның үстіне денсаулыққа да зиян. Қыс кезінде айнала көк түтін болып тұрады. Үйдің маңында әрдайым күл мен ыс жатады. Қарт адамдар үшін жоғарыға отын тасу тіпті қиын. Ондай жандарға бірқалыпты температура болған жақсы.

Баспанада барлығы 26 пәтер бар. Жылуға қосылу үшін әр үй иесі 200 мың теңгедей қаржы жұмсаған. Шаруа тұрғындардың келісімімен жүргізіледі.

Дархан Дарбаев, Бескөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:

– Көпқабатты тұрғын үйлердің азаматтары жиын өткізеді. Егер жартысынан көбі тілек білдіріп жатса, тиісті маманды жалдап қосқызады. 2021 жылдың бірінші қаңтарына дейін ауылда 44 көпқабатты үй орталық қазандыққа қосылды. Биыл 31 үй қосылады. Жұмыстар аяқталуға жақын.

Жалпы, Бескөл аулында 86 көпқабатты үй бар. Биыл қасқа дейін олардың 90 пайызынан астамы ортақ қазандыққа қосылады.

Бердимурат Баймухан