Білім

Жатақхана тапшы

Қайда тұрамыз? Петропавлға арман қуып келген мына жастарды бірнеше күннен бері дәл осы сұрақ мазалайды. Жатақхана, пәтер керек. Соңғысының ауылы алыс.

Бақытжан Мұхтарұлы, Қозыбаев университетінің студенті:

– Бастапқыда пәтер іздедік. Пәтерлер қымбат.

Пәтердің жайы түсінікті. Ал, жатақханаға орналаса алмауға не себеп? Індеттің беті қайтар емес, сондықтан университет әкімшілігі 50 пайыз толымдылықпен жастарды қабылдаған. Мысалы, 4 орындық бір бөлмеге 2 адам ғана жайғасады. Пәтер іздеп шарқ ұрған Бақытжан Мұхтарұлының жолы болды. Ол студенттер үйіне орналасады. Неге?

Бақытжан Мұхтарұлы, Қозыбаев университетінің студенті:

– Бастапқыда тізімде болмадым. Көңілім түсті. Кейін, жеңілдік жасалатын анықтамаларды апардым. Осылайша маған бөлме берілді.

Иә, студенттер жеңілдік бойынша қабылданады. Ол үшін анықтама ұсыну қажет.

Жанар Таласпаева, Қозыбаев университеті академиялық қызмет департаментінің директоры:

– Басымдық грантқа түскен 1-ші курс студенттеріне беріледі. Одан кейінгі кезекте – мүгедек, жетім, кәмелет жасына толмаған балалар. Одан кейін қалған студенттер қарастырылады.

Университет жатақханасынан шамамен 600 жасқа орын табылмаған. Өзекті мәселені шешу жолдары жан-жақты қарастырылуда. Нәтиже де бар.

Жанар Таласпаева, Қозыбаев университеті академиялық қызмет департаментінің директоры:

– Университет барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр. Қонақ үйлер, хостелдер қарастырылуда. 300 орындық нысан табылды. Бұл – жағымды жаңалық.

Ендігі міндет – 300 адамды орналастыру. Жастар далада қалмайды, университет көмектеседі, орын табылады. Ал, қыркүйектің соңына қарай қаламыздағы Гуманитарлық-техникалық колледжге қарасты жатақхана қолданысқа берілмек. Соған осы студенттерді орналастыру жоспарланып отыр.

Байболат Култанов