Білім

СҚО-да 8 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды

Ақ бантик, келісті форма, көк түсті шарлар. Бұл – №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушылары. Салтанатты шара басталып та кетті. Оқу ұясының табалдырығын алғаш аттағалы тұрған балғындарға ұстаздары мен ата-аналары сәттілік тілеуде.

– Білім күнімен барлығын құттықтаймын. 3-ші баламды бүгін 1-ші сыныпқа әкеліп отырмын.
– Жақсы оқысын. Дендері сау болсын. Мұғалімдерге амандық тілеймін.


Көп ұзамай оқушыларға “Әліппе” табыс етілді. Оқулық ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың методикасы бойынша әзірленген. Артынша, тұлымдары желбіреп, жүректері елжіреп тұрған ұл-қыздарға арналып алғашқы қоңырау соғылды.

Аиша Русланқызы, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мектепке мамаммен келдім. Білім алған маған ұнайды. Кітап, дәптер, қарындаш алып келдім.

Әйгерім Өмірзақова, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мектепте жаңа достар таптым. Оқыған ұнайды.

Салтанатты іс-шара өтіп жатқан бұл мектепке биыл 146 бала қабылданып отыр. Балғындарға алғашқы қоңырау шарасы ұйымдастырылып отырса, жоғары сыныптарға арналып ашық сабақ өткізілген.

Әйгерім Уәлиева, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің директоры:

– 150-ге жуық баланы 3 топқа бөлдік. Әр сап түзеуге 2 сыныптан қатысады. Қызметкерлер нысанға кірмес бұрын “Ашық” арқылы тексеріледі.

Сақтық – бірінші орында. 130-дан астам мұғалімнің 99 пайызы екпе салдырыпты.

Әйгерім Уәлиева, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің директоры:

– Қалған 1 проценті ауруға шалдығып қалған ұстаздар. Олар вакцинаны емделген соң алады.

Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт. Білім ұясы жақында коворкинг орталығын ашыпты. Басшылық әзірлеген тосынсый оқушылардың көңілінен шықты. Кабинет заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған 100-ден астам кітап та әкелінген.

Маржан Касымбек