Білім

Петропавлда жаңа мектеп қолданысқа тапсырылды

Жылы, жарық әрі заманауи оқу құралдарымен жабдықталған. Су жаңа мектеп Білім күнінде есігін айқара ашты. Нысан оқу жылына толық дайын. Қазір тек ғимарат маңын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Айта кеткен жөн, мектеп ескі жер үйлердің орнына салынған. Уәлиханов пен Мағжан Жұмабаев көшелерінің бойын жандандыру ісі жалғаса бермек. Алдағы уақытта мұнда спорт сарайы, студенттерге арналған жатақхана мен көпқабатты үйлер бойы көтермек.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Бүгінге дейін осы аудандағы 400 ескі жер үй сүрілді. Жыл соңына дейін апаттық жағдайда тұрған тағы 300 баспананы иелерімен келіскен соң сүреміз. Көбісінің салынғанына 60 жылдан асқан. Сондай-ақ, осы маңда балабақша тұрғызу жоспарда бар.

Жаңа мектепке жергілікті студенттер де келді. Шара барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жастарды алдағы жоспармен таныстырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жерде студенттерге арналған 1200 орындық 2 жатақхана салынады. Құрылысты биыл бастаймыз. Жастар үшін тағы 3 мың орынға шақталған спорт сарайы бой көтеріп, оның айналасында саябақ пайда болады. Сонымен қатар, көпқабатты үй тұрғызу жұмыстары жалғасады. Болашақта бұл төңірек шаһарамыздың ең әдемі аудандарының біріне айналады.

Жаңа оқу ошағына Мағжан Жұмабаевтың аты берілді. Сондай-ақ, мектеп IT дәрежесін иеленді. Нысандағы кабинеттердің барлығы соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған. Мұндағы ұл-қыздарға робототехника, бағдарламалау және 3D модельдеу сабақтары өткізіледі. Одан бөлек, оқушылар графикамен жұмыс жасау бойынша да білімдерін арттырады. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірде жаңа мектептерге сұраныс әлі де бар дейді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін Петропавл қаласында 3-ші мектепті аштық. Жыл соңына дейін Тайынша ауданында 2 мектептің құрылысы басталады. Петропавл қаласында келесі жылы тағы 2 мектепті тұрғызуды бастаймыз және ерекше балаларға арналған жаңа білім ұясы бой көтереді.

Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейі 900 орынға шақталған. Мұнда балалар қазақ және орыс тілінде білім алады.

Бердимурат Баймухан