МТРА жаңалықтары

Муниципалдық телеарнаға – 23 жыл

Муниципалдық телеарнаға күн сайын бірнеше адам хабарласып, мәселесін жеткізеді. Бірін жолдың жоқтығы, екіншісін ауыз судың тапшылығы, ал үшіншісін көшенің қардан тазаланбауы сынды түйткіл толғандырады. Қысқасы, проблема жетіп артылады. Тағаты таусылған ағайынның соңғы үміті – БАҚ өкілдері.

Бұл кадрлар естеріңізде шығар? Иә, М.Жұмабаев ауданы, Достық ауылы. Наурыз айында мұндағы ағайын бізді шақырып, тіршілік нәрінің сапасына шағымданды. “Арқалағаны алтын, жегендері жантақ” журналистер мәселені облыстық деңгейде көтерді. Бейнематериалдан кейін жергілікті әкімдік проблемаға назар аударып, шешуге уәде етті.

Индира Рахимова,  Достық ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Жергілікті әкімдік қыркүйектің соңына дейін ауылға су құбырын өткіземіз деп сендірді. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тіршілік нәрі белгіленген уақытта жетеді деген үміттеміз. Бұған қоса, қазір елді мекен абаттандырылуда. Көшелер жарықтандырылып, ойын алаңдары салынып жатыр.

Бүтін бір елдің мәселесін шешуге тырнақтай болсын үлес қостық. Ал, жаздың ортасында Пресновка ауылының тұрғындары тіршілік нәрінің жоқтығынан зардап шекті. Бақша егіп, киім-кешек жуу былай тұрсын, жамбылдық жерлестеріміз ішерге су таппады.

Валентина Зайцева, Пресновка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Су тапшылығын мамыр айының соңынан бастап сезіндік. Түсірілім тобы келіп кеткен соң, «Дания» серіктестігі су беру кестесін өзгертті. 1 аптадан кейін тіршілік нәріне қатысты мәселе толығымен шешімін тапты.

Бескөлдегі мына 3 қабатты үйдің тұрғындары қыста қиындық көреді. Мұндағы әрбір пәтер жеке-жеке пеш жағып, баспаналарын жылытулары тиіс. Жергілікті әкімдік бірнеше жылдан бері мәселені шешеміз деп уәдені үйіп-төккенімен, біржақты етпеген.

Арнамыздың түсірілім тобы бұл жайтты да жария етті. Келесі күні әкімдік тұрғындарға жылу берілетіндігін хабарлаған. Осы жолы уәде жерде қалмады.

Ермек Байтекеев, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Түсірілім тобы келіп-кеткен соң, шамамен 5 күндесін арнайы бригада өкілдері бас сұқты. Мердігермен келісімшартқа отырдық. Алдын ала төлем жасадық. Қазір мамандар баспананы орталықтандырылған жылу желісіне қосып жатыр. Шаруа ойдағыдай атқарылуда. Сапасына көңіліміз толады.

Тұрғындарды толғандырған мәселелердің барлығы эфирге шыға бермейді. Кей жағдайда сұрақтың жауабы түсірілім тобы оқиға орнына жеткенше дейін табылып жатады.

Бердімұрат Баймұқан,  МТРА тілшісі:

– «Журналист – халық пен билік арасындағы көпір» деп бекер айтпайды. Елді мекен тұрғындары әкімқаралардың құлағына жеткізе алмағанын бізге хабарлайды. Мен өзім тілшілікпен қатар арнаның әлеуметтік желілерін жүргіземін. Күнінен ондаған хат келіп түседі. Біз тұрғындардың сұрақтарына жауап береміз.

Мәселесін әлеуметтік желі арқылы жеткізетін жандардың да саны артуда. Арна ұжымы олардың барлығына үңіліп, қолдан келгенше көмек көрсетеді. Егер қандай да бір проблемаға тап болсаңыз, бүгін құрылғанына 23 жыл толып отырған МТРА-ның инстаграм немесе “Facebook” парақшасына жаза аласыз. Сондай-ақ, 46-13-70 нөміріне хабарласуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Маржан Касымбек