Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ел Президенті қазақстандықтарға арналған Жолдауын жариялады

Мақсат – бір. Халықтың әл-ауқатын арттыру. Қойылған межеге қол жеткізу үшін ел Президенті 5 бастаманы айқындап берді. Біріншіден, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру қажет. Соңғы рет көрсеткіш 2018-де артып, 42 500 теңгені құрады. 2022 жылдың 1-ші қаңтарынан ол 60 мың теңгеге дейін ұлғаймақ. Қолға алынған шараның игілігін 1 млн отандасымыз көретін болады. Оған қоса, бастама еңбек етіп жүрген азаматтардың барлығына да жанама оң әсерін тигізбек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 6,5 млн-нан астам қазақстандық – жалдамалы жұмысшылар. Олардың жалғыз кірісі – айлықтары. Соңғы 10 жылда еңбекақы қоры кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалғанын көруге болады. Осы орайда бизнесмендерді қол астындағы қызметкерлердің жалақысын көтеруге шақырамыз. Ал, Үкімет мұндай іскер жандарға сатып алуларда жеңілдік қарастырып, мемлекеттік қолдауда басымдық беретін болады.

Жалақы осыған дейін де өсірілді. Өзгерістер әсіресе, педагогтар, дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне қатысты болды. Осылайша, 2020 жылдан бастап жалпы саны 600 мыңнан аса қазақстандықтың қаржылық жағдайы жақсарды. Бұл бағыттағы шаруа биыл да жалғасын таппақ.

Күлімкөз Смаилова, “әл-Фараби” мектеп лицейінің директоры:

– Мен педагог болғасын, өзімнің әріптестерім үшін де қуандым. Мемлекет 1 трлн 200 млн теңгені ұстаздардың жалақысын 25 пайызға көтеруге бағыттауды көздеп отыр. Яғни, білім сапасы да артатын болады.

Алайда, бюджеттен қаржыландырылатын өзге мамандық иелерін де ұмытпаған жөн дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Олар – мәдениет қызметкерлері, кітапханашылар, қорықшылар, жүргізушілері. Сондықтан, 2022-ші жылдан 2025-ші жылға дейін Үкімет осы санаттағы мамандардың жалақысын жыл сайын орташа есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың қызығын көреді.

Баспана, жанар-жағармай, киім-кешек пен тамақ ай сайын қымбаттап барады. Сондықтан, жоғарыда аталған санат қызметкерлерінің айлығы мен жалпы төменгі жалақы мөлшерін арттыру – өте қажет қадам. Азық-түлік демекші, жыл емес, ай сайын құны шарықтайтын өнімдер енді қадағалауға алынбақ. Бүгінде бұл іске бірнеше орган жауапты. Сондықтан, ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы өскенде, мамандар жауапкершілікті бір-біріне сілтей салады. Енді мұндай бассыздыққа жол берілмейді.

Жанат Мұхамеджанов, “СҚО Азаматтық альянс қауымдастығы” ҚБ төрағасы:

– Қымбатшылық жайлап бара жатқандығы, бұл қымбатшылықты тоқтату қажеттігі айтылды. Нақты бір жауап беретін ұйым құрылу қажеттігі айтылды.

Азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстап тұруға жауап беретін орган алдағы бір ай ішінде құрылмақ. Ел Президенті жолдауында назарды ауыл шаруашылығына да аудартты. Биыл ауа-райының қолайсыздығынан мал басы азайды, жем-шөп тапшы. Келесі жылы мұндай проблемамен бетпе-бет келмес үшін қысқы азық дайындауға қажет жер көлемін арттыру керек дейді мемлекет басшысы. Мал жайылымдарын да тиісті мақсатта пайдалану өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс.

Президент аграрлық сектордағы сабақтастықтың жоқтығы да қатаң сынға алды. Министр ауысса, саладағы саясат та өзгереді. Мұндай толассыз жаңашылдықтардың кесірінен, алдағы жұмысты жоспарлауда қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан, бейінді министрлік дамудың негізгі бағыттарын айқындап алулары тиіс.

Эльмира Садвокасова