Мәдениет

Жерлестеріміз республикалық экспедицияға қатысты

Ақмола, Павлодар, Алматы облыстары және еліміздің оңтүстік өңірлері. Экспедицияның маршруты осындай. Бір топ адам кең байтақ қазақ жерін аралап, тарих қойнауына сапар жасапты. Жолға шыққандардың арасында жерлесіміз Аслан Әлімжанов та болған. “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде еңбек етіп жүрген жас маманды басшылық тәжірбие жинақтасын деген ниетпен жіберіпті.

Аслан Әлімжанов, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің маманы:

– Экспедиция барысында Абылай хан мен басқа да әйгілі би, батырлардың туған жерлерін араладық. Жорықтар мен шайқастар орын алған мекендер де болдық. Сапар кезінде Абылай ханның тікелей ұрпағы Кенесары ханның дүниеге келген жерінен, яғни Бурабайдан капсулаға топырақ толтырып алдық. Кейін оны қырғыз елімен шекаралас Қордай ауданына апарып, Кенесары ханның ескерткіші орналасқан жерге салдық. Бұл – тарихи орын. Осы жерде Кенесары хан шайқасқа түскен.

Сапар барысында мамандар қанды шайқас орын алған 5 аймаққа барып, 30-дан астам тарихи жерде болған. Жалпы, 7 мың шақырымды артқа тастапты. Бұл экспедиция ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен атақты Абылай ханның 310 жылдығына арналып өткізілген екен.

Әсемгүл Қыдбекова, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:

– Биылғы экспедиция Ақмола облысының ұйымдастыруымен өткізілді. Бірақ, экспедицияға қатысқаннан кейін біз қорытынды жасауымыз керек. Сол қорытындыны республикалық конференция арқылы жасаймыз. Онда біз экпедиция барысында неге жеттік, алдағы уақытта қандай жұмыстар жасалуы керек екендігін айтамыз. Жоспар құрамыз.

Мұндай экспедиция 2018-ші және 2020-шы жылдары да өткізіліпті. Келесі жылы да ұйымдастырылмақ. 2022-де делегация Батыс Қазақстанды араламақ ниетте. Айта кету қажет, алдағы уақытта жақында ғана аяқталған экспедиция туралы фильм шығады екен. Ол мәденит, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының сайтына жүктелмек.

Алдияр Айтпаев