Спорт

Облыс орталығында “Ринг патшасы” турнирі өтті

Тамыздың 27-сі жалауы желбіреген турнирдің іріктеуі мен жартылай финалы артта қалды. Енді жүзден жүйріктер жүлде үшін таласқа түсуде. Алдымен боксшылар қола жүлдені сарапқа салады. Кездесу 3 раундтан тұрады, әрбіреуінің ұзақтығы – 2 минут.

Бүгінгі кеш пен жалпы турнирдің супер-кездесуіне де кезек келді. Қызыл бұрышта – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері 61 жастағы Серік Нұрқазов. Оның қарсыласы – “Қырғыз жер” халықаралық турнирінің жеңімпазы 57 жастағы Абдылахат Турды-оглы. Қос қарсылас іріктеуден өтпей-ақ, бірден финалда жұдырықтасуда.

Қырғызстандық спорт ардагері әуесқой рингке 2017-де оралыпты. Петропавлдағы “Ринг патшасына” қатысып, екі дүркін чемпионы да атанған. Ал, әлем кубогінің жүлдегері Серік Нұрқазов шаршы алаңда өнерін соңғы рет сонау 1988-де көрсетті. Араға 33 жыл салып отандық бокс аңызы қайтадан қолғап түйістіруде. 3 раундта да қарсыластар баяу, бірақ асқан шеберлікпен қимылдады. Соққыларды төрешілер тең бағалап, кездесуде жеңімпаз анықталмады. Қос жұлдыздың да қолы көтерілді.

Абдылахат Турды-оглы, “Ринг патшасы” турнирінің жеңімпазы:

– Мен әрдайым оңқайлармен жұдырық түйістіріп келдім. Ал, Серік Нұрқазов – солақай. Сондықтан, кездесу барысында тактикамды өзгерту қиын болды. Бірнеше соққы өткізіп те алдым. Енді қателіктермен жұмыс істейтін боламын. Жалпы, адам бокспен ұзақ уақыт айналысса, энергиясы жиналып қалады. Оны спарринг барысында, залда шығару мүмкін емес. Міндетті түрде жарыстарға қатысу керек.

Серік Нұрқазов, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, “Ринг патшасы” турнирінің жеңімпазы:

– Мен турнир ұйымдастырушыларын, өзімнің бауырларымды қолдайын деп қатысуды шештім. Жұдырық түйістіремін деп ниет білдіргенде, барлығы күмәнмен қарады. Күнделікті шынығып, дайындығымды пысықтап келдім. Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Сайыс арқылы біз жастарға салауатты өмір салты мен спортпен шұғылдануды насихаттағымыз келеді.

Жұлдызды жұптың өнерінен кейін, “Ринг патшасы” титулы үшін талас басталды. Шаршы алаңға 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің мықтылары шықты. Қызыл бұрышта турнир фавориті – қарағандылық Қуаныш Исенбаев. Қарсыласы – Теміртау қаласының өкілі Василий Куликов. Жерлестер бұрын-соңды жұдырық түйістірмеген. Сондықтан, кездесудің алғашқы сәттерін бір-бірін аңдысумен өткізді. Кейін айқын шабуылдарға көшті. Қуаныш Исенбаев ортаға бар өнерін салып, соққыларын дәл бағыттады. Нәтижесінде төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Қуаныш Исенбаев, “Ринг патшасы” турнирінің жеңімпазы:

-Жастық шағымды боксқа арнадым. 1997 мен 1998-ші жылдары жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым. Ал, 2000-шы жылы белгілі бір себептерге байланысты спорттан кетуге мәжбүр болдым. Бірақ, сен боксты тастасаң да, бокс сені тастамайды екен. Қатты сағынып, жуырда қайта оралдым. Осылайша “Ринг патшасы” турниріне қатыса бастадым. Бұл менің осымен үшінші жеңісім.

Ашық турнирге Қазақстан, Ресей мен Қырғызстан елдерінен барлығы 25 бокс пен кикбокс ардагері қатысып, 6 салмақ дәрежесінде жұдырық түйістірді. Жарыста жеңіске жеткендерге “Ринг патшасы” белдігі мен 150 мың, екінші орын иегерлеріне 100 мың, жүлделі үшінші орынға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Эльмира Садвокасова