Өнеркәсіп

Қазақстанда теңдесі жоқ рефрижератор вагондар шығарылуда

“Cool Infinity” серіктестігінде жұмыс қызған. Кәсіпорын биыл жалпы сомасы 5 млрд теңгенің өнімін шығармақ. Қаңтар айынан бері мамандар 87 термовагон құрастырыпты. Жыл соңына дейін тағы 57-сін жинау жоспарланып отыр. Олардың бесеуі – рефрижератор вагондары. Су жаңа тасымал құралының өндірісіне зауыт ағымдағы жылы кіріскен.

Ахан Кәрімов, “Cool Infinity” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:

– Ресей Федерациясында теңіз өнімдерінің тасымалы әлі шешілген жоқ. Сондай-ақ, орталық Азиядан көкеніс пен жеміс-жидек жеткізу де біржақты етілмеді. Пандемия кезінде шекаралар жабылып, автокөлік тасымалы тоқтап тұрды. Бұл кезде барлығы теміржолға қарап қалды. Нарықтағы сұранысты зерттей отыра, рефрижератор вагондарын жинауға болатындығын түсіндік. Сондықтан, өндірісін қолға алып отырмыз.

Рефрижератордың бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, ол алыс сапарға арналған. Дизельдік отын құйып, 20 күн жүруге болады. Әрі азық-түлік сақталған тоңазытқыш температурасын әлемнің кез келген жерінен басқаруға мүмкіндік бар. Ол телефонға орнатылған бағдарлама арқылы жүзеге асырылады. Қосымшаның көмегімен тауардың қай жерде келе жатқандығын да көруге болады. Термовагонды мамандар бір күн ішінде жинаса, рефрижераторды шығару 4-5 күнге созылады екен. Себебі, тасымал құралын әзірлеуге қажет бөлшектердің денін кәсіпорын өкілдері өздері дайындайды. Жұмыстың 70 пайыздан астамы зауыт қабырғасында атқарылады екен.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жуырда сертификациялау жұмыстары аяқталды. Сертификатымыз бар. Сұраныс Қазақстанда ғана емес, Ресейде де жоғары. 210 адам жұмыспен қамтылған. Жылдың аяғында тағы 30 адамды тартамыз.

Рефрижератордың бағасы әлі нақты белгіленбеген. Бірақ, артықшылықтарын есепке ала отыра, термовагоннан қымбат болатыны сөзсіз. Бүгінде соңғысының құны 40 млн теңгені құрайды.

Эльмира Садвокасова