COVID-19: Қазақстан

Эпидахуал ушығып барады

Облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай мүшкіл. Коронавирусты жұқтырған науқастарға арналып стационарларда жалпы саны 1700-дей төсек-орын бөлінген. Олардың 707-сі бүгінде толық. Күннен-күнге көрсеткіш көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Бір тәулікте ауруханаларға жатқызылатын адам саны 60 пен 90-ның арасын құрайды. Ал, үйлеріне жазылып шығатындар 60-қа ғана жуықтайды. Мұны ақ халаттылар шілдеден бері өңір аумағында жайылған дельта-штаммен байланыстырып отыр.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– 112 науқастың жағдайы ауыр деп бағалануда. Оның ішінде 75 адам жан сақтау, тағы 37-сі интенсивті терапия бөліміне жатқызылды. Ал, 16 жерлесіміздің жағдайы өте ауыр. Сондай-ақ, 396 солтүстікқазақстандық оттегі концентраторларына қосылған.

Яғни, стационарларда ем алып жатқан жерлестеріміздің 72 пайызының жағдайын ауыр деп бағалауға болады. Дельта-штамм науқастарды жасы мен созылмалы ауруларына қарай бөліп-жармайды. Дерт барлығын бірдей шарпуда.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Пандемия басталғалы коронавирустан 130 солтүстікқазақстандық көз жұмды. Олардың ішінде 87 адам ағымдағы жылдың 15-ші шілдесінен бүгінге дейін бақилық болды. Яғни, 1,5 жылда 43 науқастан және соңғы 1,5 айда 87 жерлесімізден айырылдық.

Коронавируспен күреске жұмылдырылған дәрігерлердің де жағдайы мәз емес. Мамандар физикалық және моральдық тұрғыда әбден қажыған. Күнделікті ақ халаттылар науқастың ғана емес, оның жақындарының да қиналғанын көруде. Сорақысы – сол, ковид-19-ды жұқтырғандардың барлығы дерлік жуырда ғана не батада, не жақынының жылында немесе тіптен той-томалақта болғандар.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Вакцина бүгінде өзінің нәтижелілігін дәлелдеді. Толық иммундау шарасынан өтіп, коронавирусты жұқтырғандар да жоқ емес, бар. Қазір 191 мыңға жуық адам екпенің қос компонентін де алды. Солардың ішінен 931-і ковид-19-ға шалдықты. Бұл жалпы көрсеткіштің 0,48 пайызын құрайды. Тіпті 1 процентке де жетпейді. Ауруханаға ақпанның бірінен бастап 6 мыңнан аса адам жатқызылды. Оның 487-сі вакцинациядан өткендер. Яғни, 0,25 пайызы.

Коронавирустан көз жұмған 130 науқастың 2-еуі вакцина алғандар дейді мамандар. Дәрігерлердің сөзінше, жағдайға созылмалы ауруларының ушығып кетуі себеп болған. Қысқасы – екпе қойдыру қажет. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істемек. Әрі мектеп, колледж бен университет Ashyq жүйесіне қосылады. Бұл ретте мұғалімдер 100 пайыз иммундау шарасынан өтуілері тиіс. Балаларды тәжді вирустан қорғау үшін ата-аналар қауымына да жаппай вакцина алған жөн дейді санитар дәрігерлер.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық -эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Еліміздің бас санитар дәрігері Ashyq қосымшасына қатысты жаңа қаулы қабылдады. Оған сәйкес, 28-ші тамыздан бастап, жүйеде тіркелген бизнес субъектілерінің барлығы түнгі 12-ге дейін жұмыс істей алады. Ал, Ashyq-тың көшбасшыларына түнгі 2-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат етілді. Бірақ, нысандарға тек “жасыл” мәртебесі бар адамдар кіре алады.

Ал, жұмыс күндеріне келер болсақ, Ashyq жүйесіне қосылған нысандарға жасылмен бірге, көк түсті мәртебесі бар адамдар да кіре алады.

Эльмира Садвокасова