Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ұстаздар тамыз кеңесінде бас қосты

Соңғы 2 жылда өңір педагогтары біраз қиындық көрді. Пандемия басталып, елдегі білім беру саласы күрделі мәселелерге тап болды. Ең алдымен оқыту жүйесі цифрлық форматқа ауысты. Бұл – ұстаздар, ата-аналар мен мектеп оқушылары үшін мүлдем тансық дүние. Проблема өзекті болса да, балалардың білімі төмендеп кетпеу қажет. Осындай мақсатта күллі Қазақстанда, оның ішінде біздің облыста ауқымды шаруа атқарылды. Жергілікті билік балаларды компьютермен қамтып, ауылдарға интернет тартуды жедел қолға алса, бейінді басқарма мұғалімдердің ІТ саласындағы сауаттылығын арттыруға кірісті.

Гүлмира Кәрімова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Балаларды оқытудан бөлек, өзіміз де сандық сервистер мен бағдарламаларда жұмыс істеуді қатар үйрендік. 2 жылдың ішінде мұғалімдердің барлығы арнайы ІТ курстарында білім алып, кәсіби дағдыларын арттырды. Осылайша, аз уақыттың ішінде жаңа форматта сабақ беруге көштік.

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, жан-жақты атқарылған ауқымды шаруа өз жемісін беруде. Қазір солтүстікқазақстандық оқушылар түрлі республикалық байқауларда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, соңғы 2 жылдың көлемінде елімізде «Мың бала» ұлттық олимпиадасы ұйымдастырылады. Байқауда топ жарған оқушылар Қазақстанның алдынғы қатарлы мектептерінде оқу мүмкіндігіне ие болады. Былтыр осы білгірлер сайысында 5 жерлесіміз жеңіске жетсе, биыл 13 жас қатарынан оза шапты. Жетістікпен шектеліп қалмау қажет. Бүгінде басқарма ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуларына бағытталған өзге де жобаларды жүзеге асыруда.

Гүлмира Кәрімова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Орта білім беру саласында білім сапасын арттыруға, қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы алшақтықты қысқартуға және функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға баса назар аударылып отыр. Оларды қолдау үшін “Тәлімгерлік зертхана”, “Ашық сабақтар аллеясы”, “Білікті ұстаз” ютуб арнасы сияқты педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да жаңа өзгерістер орын алмақ.

Гүлмира Кәрімова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың жаңа моделі әзірленді. Оны енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Бұл үшін мемлекеттік стандарт өзгертіледі және «Ойын арқылу оқыту» принципі негізінде үлгілік оқу бағдарламасы қайта қаралады.

Биылғы оқу жылындағы ең басты жаңалық – «Әліппенің» оралуы. Кітап ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың методикасы бойынша әзірленген. Оқулық мектеп табалдырығын алғаш аттайтын ұл-қыздарға алғашқы қоңырауда табысталмақ. Тамыз кеңесінде өзге де жаңашылдықтар тілге тиек етілді.

Гүлмира Кәрімова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Мектептерде «Экология», «Парасаттылық пен әдеп», «Эмоционалды интеллект пен сыни ойлау», «Медиасауаттылық», «Дінтану», «Кәсіпкерлік негіздері» секілді курстар енгізіледі. Мәдени құндылықтарды дамыту мақсатында 6-шы сыныпта музыка пәніне «Домбыра» курсы енгізіледі. Қазіргі күні облысымыздағы 48 мектеп осы жаңашылдықты енгізуге дайын.

Жиын соңында білім беру саласының үздіктері марапатқа ие болды. Оларға түрлі дәрежедегі төсбелгілер мен медальдар және облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. «Ең үздік орта білім мекемесі» байқауының қорытындысы да жария етілді. Конкурс нәтижесі бойынша Айыртау ауданының Саумалкөл №1 орта мектебі жеңімпаз атанды. Аталған оқу ұясына облыстық бюджеттен 34 млн теңге көлемінде гран берілді.

Бердимурат Баймухан