МТРА жаңалықтарыБизнес және экономика

СҚО-да «Еңбек» бағдарламасы аясында 700-ге жуық адам өз ісін ашқан

Жыл басынан бері өңірімізде “Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту” бағдарламасы аясында 424 адам курстардан өткен. Қатысушылардың 50% еңбек нарығында аса сұранысқа ие құрылыс мамандығын меңгеріп шыққан. Олардың 255-сі екі қолға бір күрек тауыпты. Ал, “Еңбек” бағдарламасы аясында 700-ге жуық солтүстікқазақстандық өз кәсібін ашыпты. Тұрғындардың бір бөлігі несие рәсімдеген болса, басқалары грант жеңіп алған. Соңғы аталғанның 30% – жастар, 22% – мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған және көп балалы жанұялар. 400-ге жуық жерлесіміз несие рәсімдепті. Жас бизнесмендердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салаларын дамытуды көздеген.

Ботагөз Оразбаева, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Жыл соңына дейін тағы 327 адамға 2 млрд теңгенің несиесін беруді жоспарлап отырмыз. Қаражатты алуға өтінім беріп жатқандардың басым бөлігі – ауыл тұрғындары. Сондай-ақ, тұрғындар жұмысты бос орындар жәрмеңкесінен де таба алады. Соңғы 7 айда 2300 адамның қатысуымен 44 акция өткізілді. Нәтижесінде 439 азамат тұрақты, ал 236 тұлға уақытша еңбекпен қамтылды.

Маржан Касымбек