Денсаулық сақтау

Ақжар ауданының тұрғыны сібір жарасына шалдыққан

Ақжар ауданына қарасты Горьковское ауылының тұрғыны сібір жарасына шалдықты. Бірнеше күн бұрын азамат білектерінің ісіп, дене терісінің түсі өзгергеніне шағымданып, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Бірден жүргізілген сараптама қорытындысы елді мекендіктің сібір жарасын жұқтырғанын растаған. Ер адам серіктестіктердің бірінде сиыр сойған екен. Шаруа барысында қолғап кимеген көрінеді. Қауіпті инфекцияны дәл сол төртаяқтыдан жұқтырып алған. Санитар дәрігерлердің сөзінше, Горьковское селосындағы ірі қараның барлығына жұқпалы ауруға қарсы вакцина қойылған.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Мамандар мал тұрған шашпа мен судан 1, төртаяқты сойылған жерден 8 сынама алды. Қазір тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Науқаспен байланыста болған 57 адам анықталды. Олардың барлығы 14 күн бойы медициналық бақылауда болады. Әзірге азаматтардың денсаулықтарында еш өзгеріс байқалмайды.

 Эльмира Садвокасова