ТКШ

Петропавлда абаттандыру жұмыстары жалғасуда

Петропавлдағы көпқабатты үй маңдарында автотұрақ салу жұмыстары өткен жылы бастау алды. Былтырғы жазғы кезеңде қаламызда 45 арнайы орын пайда болған. Биыл да дәл солай. Жауапты мамандар бүгінгі күнге дейін 45 аулаға қиыршық тас пен асфальт төсепті. Көп ұзамай көрсеткіш артады. Қазір жергілікті серіктестік өкілдері М.Жұмабаев 115 мекенжайы бойынша тұрақ салуда.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– “МеганСтройИнвест” ЖШС жұмыс істеп жатыр. 3 күн бұрын бастады. Бүгін аяқтайды. 10 адам, 5 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, бұл ауланың ішіне асфальт төселетін болады.

Қаламыздағы автотұрақтардың басым бөлігі ескі гараждардың орнында салынып жатыр. Мысалы, бұрындары М.Жұмабаев көшесінің бойында орналасқан 115-ші үйдің маңында металдан жасалған көлік қою орындары болыпты. Олардың барлығы бұзылған екен. Өзгеріске тұрғындар оң бағаларын беруде.

– Осындай орындар көп болса екен дейміз. Ыңғайлы.
– Бұрын бұл жерде гараждар болды. Олар айналаның көркін кетіріп тұратын. Орнына асфальт төселіп, көлік тұрағы салынып жатқанына баршамыз разымыз.

Облыс орталығында автотұрақ салу жұмыстары әлі жалғасын табады. Іске жауапты мамандар қолайлы ауа райын пайдаланып, тағы бірнеше ауланы қамтуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, үй маңында көлік қою орнын жасату үшін қалалық әкімдікке барып, өтініш жазу қажет. Немесе шаһар басшысының халық алдындағы есептік кездесуде мәселені көтерген жөн.

Байболат Култанов