Арнайы санаттағы жандарға тегін жол жүру билеті берілуде

ТКШ

23:24 26 Тамыз 2021

Валентина Помазуева мүгедек баланы тәрбиелеп отыр. Қызы Аринаның құлағы дұрыс естімейді және жүрегі ауырады екен. Ал ауылында мұндай ұл-қыздарға арналған оқыту орны жоқ. Баласының ел қатарлы білім алуын аңсаған отбасы осыдан 2 жыл бұрын Мағжан Жұмабаев ауданынан Петропавлға қоныс аударады. Келіншек қазір Мещан кентінде тұрады. Қызын білім ошағына апарып, әкелу үшін күніне 4 рет қоғамдық көлікпен қатынайды. Жол жүруге айына 7 мың теңге кетеді. Сол себепті, бүгін ол баласы екеуіне жол жүру билетін жасатуға келді.

Валентина Помазуева, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Автобуспен қатынауға көп қаржы жұмсаймыз. Өзім жұмыс істемеймін. Себебі, балаға қарауым керек. Күйеуім мен ұлым да автобуспен қатынайды. Жол жүруге отбасылық бюджеттен айына 17 мың теңге кетеді. Оның үстіне биыл қызым 7 жасқа толды. Оған да маршрутта ақша төлеу керек. Тегін билет біз үшін біраз жәрдем болмақ.

Тұрғын Ақанов ағамыз да бүгін көптен күткен билетіне қол жеткізді. Енді жерлесіміз қаладағы барлық бағыттар бойынша тегін қатынай алады.

Тұрғын Ақанов, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Мен Семей полигонында қызмет еттім. Сол себепті тегін билет алып жатырмын.

Жалпы, Петропавлда жеңілдік билетін 9 мыңнан аса адам ала алады. Қазіргі күні тек 2 мыңға жуық кісі халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген. Аталған ұйымда өтініштерді қабылдау жалғасып жатыр.

Алмагүл Жаныбекова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:
– Жол жүру билетін рәсімдеу үшін жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Келерде өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз бен қоғамдағы дәрежеңізді анықтайтын құжат болуы шарт. Егер адам мүгедек болса, соны дәлелдейтін қағаз керек. Ал көпбалалы аналарға да солай. Егер билет жоғалып жатса оны әр адам өз қаржысына қалыпқа келтіреді.

Айта кеткен жөн, бұл карталардың қызмет көрсету уақыты мен жол жүру лимиті шексіз.

Бердимурат Баймухан

 

 

Бұдан әрі оқыңыз

Бармашы өзені арқылы өтетін көпір жөнделуде
“Бірге – таза Қазақстан” экологиялық акциясы өтті
Елімізде 215 мың тонна дизель отыны қалды
Ғ.Мүсірепов ауданында кәріз тазарту нысаны іске қосылады
“Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері баспасөз турын өткізді
Биыл Бескөл ауылында 5 балалар алаңқайы орнатылды
Петропавлда жылыту маусымы басталды
“Есіл су” филиалының өкілдері баспасөз турын ұйымдастырды
Балалар үйінің тәрбиеленушісін өлдіге санап, баспана кезегінен алып тастаған
Явленкадағы үйлердің 78 пайызына су тартылған