Қоғам

Өңірдегі заңсыз қоқыс алаңдары ғарыштан анықталуда

Қызылжар ауданына қарасты Белое ауылының іргесінде орналасқан қоқыс төгу алаңының аумағы белгіленген шекарадан асып кеткен. Бұл факті ғарыштық мониторинг кезінде анықталды. СҚО бойынша экология департаменті ұсынған ақпарға сүйенсек, 10 тонна зат төңіректен тыс жерге төгілген. Бүгінде олқылық жойылуда. Яғни, арнайы техниканың көмегімен қалдық үйіндіге қосылуда. Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде мұндай 339 жер белгілі болған. Олардың басым бөлігі – Қызылжар ауданында. Мұнда 140 рұқсат етілмеген полигон анықталып отыр. Бүгінгі күнге дейін 88-індегі жағдай реттеліпті. Қалған алаңдардағы қоқыс жыл соңына дейін жиналмақ.

Асхат Мәпенов, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында қоқыс алаңдарындағы жағдайды реттеу туралы тапсырма берілді. Бұл тапсырма аясында біздің департамент пен жергілікті атқарушы органдар қазір белсенді жұмыс істеп жатыр. Істі алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Байболат Култанов