Білім

Өңір мектептеріне 350-ге жуық жас мұғалім жұмысқа алынды

Ұстаздық ету Аққу Жакинаның бала кезден бергі арманы. М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж түлегі мақсатына қыркүйектің бірі жетпек. Нәзікжанды бастауыш пен 5-6 сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін болады. Балғындармен жұмыс істеуді жақсы көретіндіктен, ұл-қыздармен тіл табысып кетемін дейді мұғалім. Қазір жас маман жаңа әрі өзінің еңбек жолындағы алғашқы оқу жылына қызу дайындық үстінде.

Аққу Жакина, №5 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Менің пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Бұл пән менің бойыма үлкен патриоттық сезімді ұялатады. Оны тек өзім емес, өскелең ұрпаққа жеткізіп, олардың бойына қазақ тілі мен қазақтың менталитетін, салт-дәстүрлерін сіңіріп, сапалы білім бергім келеді. Сондықтан да, осы мамандықты таңдадым.

Алдағы оқу жылының алғашқы қоңырауын Айнұр Есләмова да тағатсыздана күтіп жүр. Шет тілі мұғалімі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдапты. Бірақ, туған жерінде жұмыс істеймін деген ниетпен Петропавлға оралған. Жас маман №5 орта мектептің ұл қыздарына Шекспирдің тілін үйретуді мақсат тұтып отыр. Айтуынша, 21-ші ғасырда ағылшын тілін меңгерген адамның мүмкіндіктері ұшан теңіз.

Айнұр Есләмова, №5 орта мектебінің шет тілі пәні мұғалімі:

– Елімізде қазір үштілділікке басымдық берілуде. Ағылшынды мектеп жасынан жетік меңгерген маңызды. Шекспир тіліне бірден ғашық болмасаң, кейін үйрену қиынырақ болады. Маған білім берген ұстазым көп көмегін тигізді. Дәл сол уақытта ағылшын тілінен сабақ беріп, балаларға да қол ұшын созғым келетінін түсіндім.

Барлығы №5 орта мектепте 61 мұғалім бар. Олардың алтауы ұжымға жақында ғана қосылған. Барлығы – биыл жоғарғы оқу орындарын, колледж тәмамдаған мамандар. Жас педагогтар қазақ, орыс пен ағылшын тілі және өзін-өзі тану пәндерінен сабақ бермек.

Ирина Ельцова, №5 орта мектеп директоры:

– Бір жыл бойы жас мұғалімдер мектебі жұмыс істейтін болады. Әр педагогқа тәжірибелі ұстазды тағайындаймыз. Ол артынан ерген маманға қолдау білдіріп, бағыт-бағдар көрсетеді. Барлық сұрақтар бойынша кеңес беріп, ұжым мен жұмыс режиміне сіңісіп кетуіне көмектеседі.

Биыл облыс мектептеріне жалпы саны 350-ге жуық жас мұғалім жұмысқа алынды. Өткен жылы көрсеткіш 312-ні құрады.

Эльмира Садвокасова