Қоғам

Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздыққа толы жылдар

“Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздыққа толы жылдар”. Бүгін осындай атаумен облыстық кітапханада дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері тілге тиек етіліп, аймағымызда 30 жыл ішінде атқарылған шаруалар айтылды. Бәріміз білетіндей, әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, мемлекетті алға жылжытатын негізгі күш, ол – жастар. Нақтырақ айтсақ, білімді ұрпақ. Шарада жергілікті Қозыбаев университетінің проректоры Ақмарал Ыбыраева өңіріміздегі ғылым және білім саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

Профессордың сөзінше, 2014 жылы енгізілген “Серпін” бағдарламасы қазіргі күні өз жемісін беріп жатыр. Оңтүстіктен келген ұл-қыздар теріскейдің түкпір-түкпіріне жол тартып, түрлі салада қызмет етуде, кадр мәселесін шешуге септесуде және облысымыздың демографиялық дамуына оң ықпал тигізуде. Сондай-ақ, өлкемізде білікті мамандарды даярлау бойынша да шаруа тындырылуда. Жақында жергілікті Қозыбаев университеті, Білім және ғылым министрлігі мен АҚШ-тың Аризона университеті арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Ортақ келісім аясында бүгінгі күні қос жоғары оқу орны бірлескен жобаларды әзірлеуде. Болашақта түрлі академиялық орталықтар да ашылмақ. Бұл Қызылжар төріндегі қара шаңырақты халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді дейді Ақмарал Ыбыраева.

Ақмарал Ыбыраева, Қозыбаев университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы:

– СҚО-ның кешенді жоспары бекітілді. Бұл өңірдің дамуына ұйытқы болмақ. Осы жоспардың ішінде университетті дамыту қарастырылған. Одан бөлек, мектептерге де көңіл бөлінеді.

Бердимурат Баймухан