Білім

Қозыбаев университеті шетелдік компаниямен меморандум жасасты

«Ceva Sante Animale» – Франциядағы ірі ветеринарлық фармацевтикалық компаниялардың бірі. Кәсіпорын жануарларға арналған вакцина шығарумен айналысады. Одан бөлек, алыс-жақын шет елдермен әріптестік орнатып, тәжірибе алмасады. Мысалы, ірі қара малды, қанаттыларды дұрыс күтіп-баптау, екпе егу тәсілдерін үйретеді. Франциялық мамандар өңірімізге бекерден-бекер келіп отырған жоқ. Олар алдағы уақытта Қозыбаев университетінің оқытушыларымен етене жақын байланыс орнатып, білген-түйгендерімен бөліспек ниетте.

Ферхат Бильтекин, «Ceva Sante Animale» компаниясы күйіс қайыратын жануарлар кластерінің бөлімше меңгерушісі:

– Солтүстік Қазақстанмен жақсы таныспыз. Бұл жерде мал шаруашылығын дамыту жолында қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқаны бізге мәлім. Мамандардың барлығы өңірдегі жалғыз университетте білім алады. Мұнда тәжірибе алмасуға арналған үздік технологиялардың барлығы бар. Сондықтан, екіжақты келісімшартқа отырғымыз келеді.

Жергілікті мамандар Франциядан келген қонақтардың ұсынысын қабыл алды. Алдағы күндері Қозыбаев университетінің қабырғасында арнайы орталық ашылмақ. Сол жерде шетелдіктер солтүстікқазақстандық әріптестерін арнайы курстан өткізбекші. Ал, ұстаздар кейін жинақтаған білімдерін студенттердің бойына сіңіретін болады.

Дмитрий Иль, Қозыбаев университеті агротехнологиялық факультетінің кафедра меңгерушісі:

– Курстарға кез-келген салада қызмет ететін мамандар, студенттер қатыса алады. Сабақтар тегін жүргізілетін болады. Теориялық және тәжірибелік дәрістер ұйымдастырылмақ. Ал, соңында қатысушылар эмтихан тапсырады. Үздік ұпай жинақтағандарға арнайы сертификат табыс етілмек.

Бұл сертификаттың қандай пайдасы бар? Құжат қатысушының жануарларға вакцина сала алатындығын растамақ. Оған қоса, мал шаруашылығымен айналысатын кез-келген компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Маржан Касымбек